Енді қазақстандықтар бірнеше минуттың ішінде партияға онлайн өтініш жолдап, өз ұсынысын білдіре алады, мәселе туралы хабарлап немесе партия қатарына қосыла алады. Азаматтарға барынша қолайлы жағдай жасау мақсатында «Әділет» партиясы өтініш қабылдаудың бірыңғай цифрлық сервисін іске қосты. Бұл туралы партия төрағасы Айбек Дәдебай Тау-кен металлургия кешенін дамыту мәселелеріне арналған Іскерлік кеңесте мәлімдеді,-деп хабарлайды “Әділет” партиясының баспасөз қызметі.
Жаңа сервис қоғамдық қабылдау, жеке қабылдау және жазбаша өтініштермен қатар азаматтармен байланыс орнатудың тағы бір тиімді тетігіне айналады. Оған партияның ресми сайты немесе бірыңғай QR-код арқылы кіруге болады.
Бірыңғай QR-код арқылы әрбір Қазақстан азаматы:
• партияның саяси бағдарламасымен таныса алады;
• партияға онлайн мүше бола алады;
• өтініш жолдай алады;
• ұсыныс енгізе алады;
• заң бұзушылық туралы хабарлай алады;
• көмек сұрап жүгіне алады.
Пайдаланушыларға қолайлы болуы үшін өтінімдер 26 бағыттан тұратын бірыңғай тақырыптық рубрикатор бойынша жүйеленді. Бұл бағыттар ел өмірінің барлық негізгі салаларын қамтиды. Яғни, мемлекеттік басқару, цифрландыру, денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қорғау, экономика, кәсіпкерлік, ТКШ, көлік, экология, ауыл шаруашылығы, азаматтардың құқықтары және тағы басқа.
Партия Төрағасы Айбек Дәдебайдың айтуынша, аталған платформаның іске қосылуы еліміздің цифрлық трансформацияға бағытталған стратегиялық бағдарына толық сәйкес келеді.
«Мемлекет басшысы Парламент палаталарының бірлескен отырысында Қазақстан заманауи тәсілдерді, жедел шешім қабылдауды және мемлекеттік институттарды тұрақты жаңғыртуды талап ететін жаңа даму кезеңіне қадам басқанын атап өтті. Сондай-ақ Президент цифрландыру мен технологиялардың қарқынды дамуы жағдайында бұрынғыдан да жылдам әрі тиімді жұмыс істеудің маңызына ерекше назар аударды», - деді партия Төрағасы.
Өтінім беру барысы барынша жеңілдетілген және оған небары бірнеше минут уақыт қажет. Ол үшін QR-код арқылы өту немесе партияның ресми сайтына кіру, қажетті сервисті таңдау, eGov Mobile қосымшасы арқылы электрондық цифрлық қолтаңбаны пайдаланып, жеке басын растау және өтінім жолдау жеткілікті.
Өтінім жолданған соң, автоматты түрде бірегей тіркеу нөмірі беріледі. Жолданған өтінім қаралғаннан кейін, оның иесі көрсетілген байланыс деректері бойынша ресми жауап алады.
Цифрлық сервистің іске қосылуы азаматтармен, бизнес өкілдерімен және сарапшылар қоғамдастығымен тұрақты кері байланыс орнатуға, келіп түскен өтініштер мен ұсыныстарды жедел қабылдауға, жүйелі мәселелерді анықтауға және заңнамалық әрі басқарушылық шешімдерді әзірлеу кезінде азаматтардың бастамаларын ескеруге мүмкіндік береді. Бұл қадам азаматтардың тұрғылықты жеріне қарамастан, партиямен байланысын барынша ыңғайлы, жедел әрі қолжетімді етеді.