Жаңа Құрылыс кодексі күшіне енді

фото: info.homsters.kz

Биыл да ел бойынша 20 миллион шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беріледі. Бұл туралы Үкімет отырысында Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев мәлімдеді. 

 Жыл басынан бері құрылыс саласындағы жұмыс көлемі шамамен 2,4 триллион теңге болып, 13,4% өсті. Оған қоса, 6.3 миллион шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл өткен жылдың деңгейінен 4,5% жоғары, — деді Ерсайын Нағаспаев.

Саланы дамытудағы маңызды қадам - жаңа Құрылыс кодексінің қабылдануы болды. Жаңа Кодексті іске асыру шеңберінде 138 нормативтік құқықтық акт қабылданды. Осылайша, құрылыс қызметі реттеліп, жаңа жүйені қалыптастыруға мүмкіндік береді.

 1 шілдеден бастап күшіне енетін жаңа Кодекстің нормалары құрылыс сапасы мен қауіпсіздігін арттырып, рәсімдерді ашық әрі тиімді етеді, әкімшілік кедергілерді азайтады және құрылыс саласына инвестиция тартуға ықпал етеді, — деп атап өтті министр.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес «Энергетика және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы жүзеге асырылып жатыр. Сумен жабдықтау және су бұру бағытында 223 жоба-жұмыстары жүргізілуде.

 Қазіргі таңда 13 жоба бойынша құрылыс-монтаж жұмыстары басталды. Министрлік желісінде 2030 жылға дейін, жалпы құны 1 триллион теңгеден асатын 5 мың шақырым су құбыры және 2,8 мың шақырым су бұру желісі жаңғыртылады. Сонымен қатар, шамамен 800 миллиард теңгеге 45 кәріз тазарту құрылысын салу және қайта жаңғырту жоспарланып отыр, — деді Ерсайын Нағаспаев.