Президент қазақстандықтарды Жаңа Конституцияның заңды күшіне енуімен құттықтады

Бүгін - елімізде ерекше тарихи күн!  Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы заңды күшіне енді. Мемлекет күнтізбесінде жаңа мереке пайда болды. Бұдан былай 15 наурыз ресми түрде Конституция күні болып бекітілді. Осы айтулы оқиғаға орай Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа үндеу жариялап, барша отандастарымызды құттықтады. Президент өз сөзінде бұл қадам тәуелсіз Қазақстан тарихының жаңа дәуірін бастап, саяси жүйені түбегейлі жаңғыртуға жол ашатынын айтты.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Біз нағыз Халық Конституциясының мызғымас құқықтық негізіне арқа сүйеп, барлық мақсат-мұраттарымызға міндетті түрде жетеміз. Заң мен Тәртіп, Еңбексүйгіштік пен Өрлеу, Тазалық пен Табиғатты аялау сынды жасампаздық құндылықтарын қоғамда берік орнықтырамыз. Бұған еш күмәнім жоқ.Біз бірлігі бекем, біртұтас ұлт ретінде әлемдік өркениеттің шыңын бағындырып, баршаға бірдей мүмкіндік беретін және барлық азаматтың жан-жақты дамуына жол ашатын мемлекетті – Әділетті Қазақстанды құрамыз! Қастерлі Отанымызды көркейту жолындағы жоспарларымызды ойдағыдай орындаймыз. Мен бұған кәміл сенемін! Қазақстан Республикасы жасай берсін! Халқымыз мәңгі жасасын!