Астанада жаңа әуежайдың құрылысы келер жылы басталады. Ал, жаңа оқу жылынан бастап Жасанды Интеллект университеті ашылады. Алдағы уақытта еліміздің солтүстік өңірлеріне табиғи газ құбырын салу жоспары жасалады. Жоба жүзеге асқанда халықтың 80 пайызы көгілдір отынмен қамтамасыз етілмек. Бұл туралы Үкімет отырысында айтылды.
Былтыр ел экономикасы 6,5 пайызға өсті. Бұл - ел экономикасының шикізатқа тәуелділіктен арылып, әртараптандыру процессінің сәтті жүргізілгенінің көрсеткіші.
СЕРІК ЖҰМАНҒАРИН, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ – ҰЛТТЫҚ ЭКОНОМИКА МИНИСТРІ:
Ағымдағы жылы үкімет алдында инфляцияны 10 проценттен төмен деңгейге дейін түсіру міндеті тұр. Инфляциялық процесстердің біртіндеп, тұрақталып жатқанын айта кету керек. Ағымдағы жылғы маусымның қорытындысы бойынша инфляция 10,3 пайызға тұрақтады.
2028-і жылға қарай ауылдардың 92 пайызы жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз етіледі. Одан бөлек, ғаламтор желісі 40 мың шақырым республикалық маңызы бар жолдарға да тартылады. Ол үшін спутниктік провайдерлер тартылып жатыр. Ең бастысы, еліміз жасанды интеллект саласында маман әзірлеуге ден қойды. Бастысы – заманауи, теңдессі жоқ дата-орталықтардың құрылысын жүргізіп жатыр.
ЖАСЛАН МӘДИЕВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ – ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ ЖӘНЕ ЦИФРЛЫҚ ДАМУ МИНИСТРІ:
Мысалы, TUMO — 12 мен 18 жас аралығындағы балаларға арналған креативті технологиялар орталығы. Tomorrow School болса ересектерге арналған. Ол практикалық жасанды интеллект мамандарын даярлауға бағытталған. Келесі кезең — биыл 1 қыркүйекте Қазақстандық жасанды интеллект зерттеу университеті — Qazaq AI Research University іске қосу.
Еліміздің солтүстік өңірлері табиғи газбен қамтамасыз етіледі. Көгілдір отын көзін тарту үшін ауқымды жоба жүзеге асырылмақ. Премьер-министр бір ай мерзімде газ тарату желілерін кеңейту және салу жоспарларын жаңартуды тапсырды.
Сондай-ақ үкімет басшысы Жаңа Конституцияның күшіне енгеніне байланысты мәлімдеме жасады.
ОЛЖАС БЕКТЕНОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:
Барлық мемлекеттік және қоғамдық институттарды түбегейлі жаңғырту басталды. Жүзеге асырылып жатқан өзгерістердің барлығы қоғамдағы тұрақтылықты одан әрі сақтау, азаматтардың әл-ауқатын лайықты деңгейде қамтамасыз ету, заң мен тәртіп қағидатын нығайту сондай-ақ қазақстандықтардың озық ойлы әрі жоғары интеллектуалды буынын қалыптастыру үшін негіз болып табылады.
Үкімет басшысы жаңа Ата заң - еліміздің алдағы ондаған жылдағы даму бағдарын айқындайтын негізгі құжат екенін атап өтті.