«Әділет» партиясы цифрлық сервисті іске қосты

  • AstanaTV
  • 01 шілде 2026

Қазақстандықтар енді өтініш жолдап, ұсыныс айтып немесе «Әділет» партиясының қатарына қосылғысы келсе, оны онлайн жүзеге асыра алады. Партия азаматтардың өтініштерін қабылдайтын бірыңғай цифрлық сервисті іске қосты. Жаңа жоба партияның ресми сайты мен бірыңғай QR-код арқылы қолжетімді. Платформада партияның бағдарламасымен танысуға, онлайн мүшелікке өтуге, өтініш немесе ұсыныс жолдауға, сондай-ақ заң бұзушылықтар туралы хабарлауға болады. Өтініштер 26 бағыт бойынша жүйеленген. Олар мемлекеттік басқару, цифрландыру, денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қорғау және өзге де салаларды қамтиды. Партия төрағасының айтуынша, бұл бастама азаматтармен кері байланысты күшейтіп, олардың ұсыныстарын заңнамалық және басқарушылық шешімдер қабылдау кезінде ескеруге мүмкіндік береді.

АЙБЕК ДӘДЕБАЙ, "ӘДІЛЕТ" ПАРТИЯСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

Парламент палаталарының бірлескен отырысында сөз сөйлеген мемлекет басшысы цифрландыру мен жасанды интеллект дәуірінде барлық қоғамдық институттардың жұмыс қарқынын арттырып, өзгерістерге жедел бейімделудің қажет екенін айтты. Осыған байланысты "Әділет" партиясы бүгіннен бастап ұсыныстар мен ескертулерді кьюар код арқылы тұрақты түрде қабылдайтын цифрлық тетікті іске қосатын болады.