Астана медицина университетіне ұлттық мәртебе беріледі

  • AstanaTV
  • 01 шілде 2026

Астана медицина университеті «ұлттық» мәртебеге ие болады. Бұған қоса, жоғары оқу орнына көрнекті медицина қайраткері Төрегелді Шармановтың есімі беріледі. Игі бастаманы Мемлекет басшысы көтеріп, тапсырма жүктеген еді. Көп күттірмей, межелі міндет іске аспақ.

Астана медицина университеті ширек ғасырдан астам уақыт отандық медицинаның дамуына үлес қосып келеді. Себебі онда жыл сайын мыңдаған маман білім алып шығады. Бүгінде жоғары оқу орны жаңа кезеңге қадам басқалы тұр. Жуырда оған ең жоғары мәртебе беруді мемлекет басшысы тапсырды.

АНАР ТҰРМАХАМБЕТОВА, АСТАНА МЕДИЦИНА УНИВЕРСИТЕТІНІҢ РЕКТОРЫ:

Ұлттық мәртебе беру бастамасы үшін мемлекет басшысына алғыс білдіреміз. Енді алдымызда жаңа міндеттер тұр. Біз тек жоғары білікті мамандарды даярлаумен шектелмеуіміз қажет. Алдағы уақытта университетте жаңа ұлттық стандарттарды әзірлеу, ғылымның тиімділігін арттыру және инновацияларды дамыту қолға алынады.

Қазірдің өзінде Астана медицина университеті медициналық білім беретін танымал нысандардың  біріне айналды. Мұнда цифрлық денсаулық сақтау және биомедицина бағыты дамып келеді.

ФАРХАТ ЕРБОЛОВ, АСТАНА МЕДИЦИНА УНИВЕРСИТЕТІНІҢ 1-КУРС СТУДЕНТІ:

Менің болашақ үшін осы ұлттық статустығы университеттен диплом алу өте маңызды. Және тек мен ғана емес, біздің ұстаздар да, біздің басқа оқытушылар да және болашақ абитуриенттер де біздің университетке түсуді армандайты деп ойлаймын. Студенттер осы ұлттық статусты дипломды алу үшін жақсырақ оқуы мүмкін, көбірек  мотивация пайда болуы мүмкін деп ойлаймын.

Алдағы уақытта университеттің жоғары мәртебесі жаһанның жетекші мамандарымен талапкерлердің санын көбейтуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ халықаралық серіктестіктердің де аясы кеңеюі мүмкін.