ДСМ: дәрілік заттарды таңбалаудың екі жылы нарықтың ашықтығын нақты уақыт режимінде қамтамасыз етті

фото: Үкімет

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі дәрілік заттарды міндетті цифрлық таңбалау жүйесінің екі жылдық жұмысының қорытындысын шығарды.

Осы уақыттың ішінде таңбалау фармацевтикалық нарықтың барлық негізгі буындарын қамтып, дәрілік заттардың қозғалысының ашықтығын қамтамасыз етті және мемлекетке бүкіл ел аумағында дәрілік препараттардың айналымын нақты уақыт режимінде бақылауға мүмкіндік берді.

Міндетті таңбалау енгізілгенге дейін фармацевтикалық нарық заңсыз өнім айналымына осал болды. Көлеңкелі айналымның болуы пациенттер үшін қауіп тудырып, бюджетке түсетін түсімдердің азаюына әкелетін.

2024 жылғы 1 шілдеден бастап Қазақстан аумағында айналымға шығарылатын әрбір дәрілік заттың қаптамасы бірегей Data Matrix кодымен таңбаланады.

Бұл дәрілік препараттың өндірілген немесе импортталған сәтінен бастап түпкі тұтынушыға сатылғанға дейінгі барлық кезеңдерде қадағалануын қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. Цифрлық таңбалауды енгізудің нәтижесінде бюджетке қосымша түсімдер көлемі 20 млрд теңгеден асты.

Жүйе сондай-ақ елдің фармацевтикалық нарығының толық әрі нақты көрінісін қалыптастыруға мүмкіндік берді. Бүгінде жүйеде дәрілік заттарды өндіретін 135 отандық өндіруші және 237 шетелдік өндіруші тіркелген. Айналымға 357 импорттаушы, 765 көтерме сауда субъектісі, 5 123 дәріхана ұйымы, 4 785 медициналық ұйым және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі шеңберінде қызмет көрсететін 1 823 жеткізуші қатысады. Цифрлық таңбалаудың арқасында нарықтың әрбір қатысушысы туралы деректер реттеуші органға нақты уақыт режимінде қолжетімді болып, дәстүрлі есепке алу тәсілдеріне тән сәйкессіздіктерді болдырмайды.

Жүйенің екі жылдық жұмысы дәрілік заттар айналымының нақты көлемін алғаш рет сенімді бағалауға мүмкіндік берді. Бүгінгі таңда шамамен 1 миллиард дәрілік препарат бірлігі таңбаланды.