"Әділет" партиясында жаңа Конституцияның күшіне енуіне арналған партия активінің кездесуі өтті. Оған партияның Саяси бюросы мен Саяси кеңесінің мүшелері, сондай-ақ еліміздің барлық 20 өңірінің өкілдері бейнеконференция арқылы қатысты. Бұл формат партияның ұйымдастырушылық қызметіне цифрлық құралдарды енгізу бағытының бір бөлігі. Кездесуге қатысушылар мемлекеттік басқаруда конституциялық қағидаттарды іске асыру, заң үстемдігін нығайту, азаматтардың құқықтарын қорғау, адами капиталды дамыту, цифрландыру және қоғамның қатысуын кеңейту мәселелерін талқылады. «Жаңа Конституция – Жаңа дәуір» атты қоғамдық-саяси іс-шаралар қолға алынады. Партия өкілдері өңірлерді аралап, азаматтармен және сарапшылар қауымдастығымен кездесу өткізеді, жаңа Конституцияның негізгі ережелері мен олардың практикалық маңызын түсіндіреді.
АЙБЕК ДӘДЕБАЙ, "ӘДІЛЕТ" ПАРТИЯСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:
Бүгінгі күн – Қазақстан үшін сондай айтулы белес. Елімізде Жаңа Конституция күшіне енді. Бұл – жай ғана құқықтық оқиға емес, Қазақстанның тарихи дамуындағы жасампаздық пен жаңғыру жолының бастауы. Алдағы уақытта Ата заңымыз құқықтық, институционалдық өзгерістерге ғана емес, ұлттық болмысымыз бен бірегейлігіміздің, қоғамдық қатынастар мен ой-сананың түбегейлі өзгеруіне, жаңаруына алғышарт болады. Мемлекет басшысы жүзеге асырып отырған ауқымды реформаларды заң жүзінде бекітіп, Әділетті әрі Қуатты Қазақстанды құру идеясының заңды кепіліне айналады.