Павлодар облысында жол-көлік оқиғаларының алдын алу, жол қозғалысына қатысушылардың құқықтық мәдениетін арттыру және жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы профилактикалық жұмыстар тұрақты түрде жүргізілуде.
Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, тәртіп сақшылары күн сайын рейдтік іс-шаралар өткізіп, жол қозғалысы ережелерінің сақталуын қатаң бақылауда ұстап келеді. Осындай тексерулердің бірі Павлодар қаласында өтті. Полиция қызметкерлері күдік тудырған Hyundai, Volkswagen, Toyota және Lada автокөліктерін тоқтатты. Медициналық куәландыру нәтижесінде жүргізушілердің үшеуі көлік құралын алкогольдік масаң күйде басқарғаны анықталды. Аталған құқық бұзушылықтар бойынша әкімшілік хаттамалар толтырылып, материалдар мамандандырылған әкімшілік соттың қарауына жолданды. Ал автокөліктер арнайы айып тұрағына қойылды. Жыл басынан бері Павлодар облысында 668 жүргізуші көлік құралын мас күйде басқарғаны үшін әкімшілік жауапқа тартылған. Полиция жол қауіпсіздігі әрбір жүргізушінің жауапкершілігіне тікелей байланысты екенін еске салады. Тәртіп сақшылары азаматтарды жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға, көлік тізгініне мас күйде отырмауға және жолдағы өзара сыйластық мәдениетін ұстануға шақырады. Өйткені бір ғана жауапсыз әрекет орны толмас қайғылы жағдайға әкелуі мүмкін.