Жеке деректер ең құнды ақпараттың біріне айналды. Ал жасанды интеллект оларды өңдеу мүмкіндігін кеңейткен сайын, азаматтардың құқығын қорғау мәселесі де өзекті бола түсті. Бұл мақсатта Қазақстан азаматтардың цифрлық құқықтарын күшейтуге бағытталған бірқатар заңнамалық өзгерістерді қолға алды.
Жаңа конституциялық қағидаттар енді цифрлық заңнамада да көрініс табады. Жеке деректердің анықтамасы нақтыланып, оған түрлі сәйкестендіру идентификаторлары енгізіліп, ақпаратты автоматты түрде өңдеуге қойылатын талаптар күшейтіледі. Бұдан бөлек, азаматтар eGov Mobile арқылы жеке деректерін өңдеуге берген келісімін кез келген уақытта кері қайтарып ала алады.
БАҚЫТ НҰРМҰХАНОВ, ҚР КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ СОТЫ ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Ата заңымызда 21-бапта әрбір азаматтың жеке өміріне қол сұғылмаушылық оның жеке және отбасылық құпиясы, оның жеке деректерін заңсыз жинау, оларды өңдеу, сақтау немесе пайдалану заңмен қудаланатыны жазылды.
Енді мемлекеттік және жеке ұйымдар азаматтардың жеке деректерін қорғауға бұрынғыдан да ерекше жауапкершілікпен қарайды. 100 мыңнан астам құпия деректерді өңдейтін мекемелер үшін биометриялық аутентификацияны пайдалану міндетті болды. Азаматтар өздері туралы ақпаратты жоюды, жасырын етуді немесе оны өңдеуді тоқтатуды да талап ете алады.
ЖАСЛАН МӘДИЕВ, ПРЕМЬЕР-МИНИСТРДІҢ ОРЫНБАСАРЫ - ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ ЖӘНЕ ЦИФРЛЫҚ ДАМУ МИНИСТРІ:
Жасанды интеллект дәуірінде азаматтардың цифрлық құқықтарын қорғау - цифрлық мемлекетке деген сенімнің іргелі шарты. Бұл нормалардың конституциялық деңгейде бекітілуі қазақстандықтардың құқықтарын қорғауды сапалық жаңа деңгейге көтереді және жаңартылған Конституция технологиялардың тек адам игілігі үшін қызмет ететініне, ал заңның цифрлық әлемде әрбір азамат үшін сенімді қалқан болатынына кепілдік беретін қауіпсіз әрі әділ қоғам құруға жол ашады.
Иә, енді деректер қажеттілігі аяқталғаннан кейін оларды ұзақ уақыт сақтауға жол берілмейді. Азаматтың ақпараты жария болмас үшін жеке қауіпсіздігі де басты назарда болу керек. Ал ол қарапайым ұялы телефоннан басталады.
АБЫЛАЙ БҰЛДЫРЫҚОВ, КИБЕРҚАУІПСІЗДІК МАМАНЫ:
Ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін күрделі пароль қолдану маңызды. Парольде аты жөн туған күн немесе оңай табылатын сөздер болмаған дұрыс. Әр аккаунтқа жеке пароль және екі факторлы аутентификация қолданылу ұсынылады. Ол жеке деректерді қорғауға көмектеседі.
Ғылым дамып, технологиялар түрленіп жатқанда дерегіңіз дербес болғаны маңызды. Ал ол заң арқылы қуатталса, жаһан көшінен қалмайтынымыз анық.