Биыл Алакөлге 2 миллионнан астам турист келеді деген болжам бар

  • AstanaTV
  • 02 шілде 2026

Биыл Алакөлге 2 миллионнан астам турист келеді деген болжам  бар. Сондықтан қауіпсіздік күшейтіліп, инфрақұрылым жаңартылды. Жағалауда бейнебақылау камералары орнатылып, қоғамдық тәртіпті полиция, құтқарушылар және дрондар қадағалайды.

Шипалы суы мен табиғатының көркемдігімен танылған Алакөл жыл сайын еліміздің түкпір-түкпірінен және көршілес мемлекеттерден келетін туристерді тартады. Биыл жазғы маусымда демалушылардың қауіпсіздігі мен қолайлылығын арттыруға ерекше көңіл бөлінді. Жағалауда 720 қоқыс жинау құралы, ондаған киім ауыстыру кабинасы мен модульдік дәретханалар орнатылды. Сондай-ақ 40 құтқару мұнарасы, 13 шақырымдық буй сызығы және 7 пирс жабдықталды. Тіпті, туристерге бағыт-бағдар беру үшін көрсеткіш белгілер мен ақпараттық стендтер де жаңартылды.

МАДИ ОТАРБАЕВ, ТЕХНИКАЛЫҚ ДИРЕКТОР:

Бұған дейін демалыс орындары мен шипажайларда пайдаланылған септиктер қоршаған ортаға, әсіресе жағалау аумағына кері әсерін тигізіп келді. Ағынды сулар Алакөлге ағызылатын. Ал келесі туристік маусымнан бастап барлық пансионаттар мен шипажайлардың ағынды сулары заманауи кәріздік тазарту құрылыстары арқылы тазартылатын болады.

МАРЛЕН КӨЛБАЕВ, ОБЛЫС ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Облыстағы мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған резиденциямыз бар. Оларға да пандус, басқа да барлық жағдайы жасалған. Мұнда бір қабылдаған кезде 33 баланы қабылдайды.

Сондай-ақ, қауіпсіздік мәселесі де ерекше бақылауда. Жазғы маусымда жағалауда 50-ге жуық полиция қызметкері кезекшілік етеді. Бақылау 30-дан астам бейнекамера мен дрондардың көмегімен жүргізіледі.

АЗАМАТ ӘБДІЛДАЕВ, АЛАКӨЛ АПБ БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Суға белгіленген жерден асқан кезде сигнал береді төтенше жағдайлар бөліміне. Солай ескерту жұмыстарын жасаймыз. Маусым ашылғалы бері ешқандай қылмыс орын алған жоқ. Қоғамдық қауіпсіздік қамтамасыз етілді. Және де жол қозғалыс ережелерін бұзған азаматтарға айыппұлдар салынып жатыр. Басқа да іс-шаралар жүргізіліп жатыр қоғамдық қауіпсіздік қамтамасыз ету бойынша.

Алакөл еліміздегі ең танымал туристік бағыттардың бірі болып қала береді. Соңғы жылдары шетелдік қонақтар саны 82 пайызға артқан. Мамандардың айтуынша, инфрақұрылымды жаңғырту мен қауіпсіздік шараларын күшейту Алакөлдің туристік әлеуетін одан әрі арттыра түседі.