БҚО-ның төрт ауданында темір жол вокзалы пайдалануға берілді

Батыс Қазақстан облысының төрт ауданында темір жол вокзалы пайдалануға берілді. Жаңа нысандар өңірдегі жолаушы мен жүк тасымалының артуына еселеп үлес қоспақ. Былтыр облыста теміржол қызметін 419 мың жолаушы пайдаланса, жүк тасымалы 5 миллион тоннадан асқан. 

Мемлекет басшысының көлік-инфрақұрылымдық кешенді дамыту туралы тапсырмасына сай, елімізде теміржол вокзалдарын жаңғырту алғаш рет қолға алынды. Осылайша елімізде 124 вокзал қайта салынып, 650-ден астам жолаушы вагоны жаңартылды. Кейін бұл көрсеткішті 90% жеткізу жоспарланған. Осындай мемлекеттік қолдаудың арқасында Батыс Қазақстан облысында 4 темір жол вокзалы жаңадан салынды.

НАРИМАН ТӨРЕҒАЛИЕВ, БАТЫС ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ:

Бүгінгідей жайлы вокзалдар мен заманауи поездардың артында қаншама маманның, машинистер мен жолшылардың қажырлы еңбегі тұр. Ел ішін жақындатып, ағайынды табыстырған бұл саланың дамуы — мемлекетіміздің қуаттылығының белгісі. Сондықтан инфрақұрылымды жаңартумен қатар, осы саладағы адам капиталын дамыту, еңбек адамдарына жағдай жасау — біздің басты міндетіміз болып қала бермек.

Шыңғырлау ауданындағы 90 жылдық тарихы бар теміржол бекетінің орнынан заман талабына сай жаңа ғимарат салынды. Бұған әсіресе ауылдықтар дән риза.

ҒАЙСА ХАНАФИН, ЕҢБЕК АРДАГЕРІ:

Бұрынғы вокзал менен бір жас кіші екен тек қана. Ол 36, мен 37. Міне, қазір қандай рақат? Тек тыныштық болып, осы вокзалдың қызығын көре берейік. Ел, халқымыз аман болсын! Вокзалды салып бергендеріне көп рақмет. Енді күтіп ұстау керек.

Мемлекеттің басты күретамырына айналған темір жол қызметін былтыр өңірде 419 мың жолаушы пайдаланған. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда екі есе көп.  Сондай-ақ, жүк тасымалы да 5 миллион тоннадан асыпты. Алдағы уақытта қолға алынар "Индербор-Орал" темір жолының құрылысы өңірді өркендетер жобалардың тізімінде.