Astana телеарнасы көрерменге криминалды драма дайындап жатыр

  • AstanaTV
  • 02 шілде 2026

Телехикая десе, көбіне махаббат пен комедия еске түседі. Бірақ «Астана» телеарнасы көрерменге "Серт" деп аталатын криминалды драма дайындап жатыр. Сериал көп айтыла бермейтін, құпия жұмыс істейтін жасырын агенттердің тағдыры туралы. Түсірілім алаңына Аяулым Изатқызы барып келді.

Оқиға үлкен қылмыстық топтың ірі қару-жарақ саудасы сәтсіз аяқталып, полицияның қолына түсуінен басталады. Осы соққыдан кейін банданың басшылары арасында «арамызда сатқын жүр» деген күдік пайда болады. Олар мұндай адамдарды «егеуқұйрық» дейді. Соны тауып, көзін жоюды түрмедегі беделді жігіт - Сомға тапсырады. Бірақ Сомның шын есімі Жәңгір екенін және оның ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес бөлімінің құпия қызметкері екенін ешкім білмейді. Продюсерлер жоба арқылы өмірдегі нағыз жасырын агенттердің қиын жұмысын көрсеткіміз келді дейді.

ӘЛИ-ӘСКЕР БАЙҒОЖИН, ПРОДЮСЕР:

Бізде Қазақстанда жалпы УБОП-тың жұмысы туралы ешкім білмейді. Үлкен генералдар бар бізде осындай жұмысты атқарған, ОПГ дейді ғой, солардың тобына өзі кіріп, іштей ақпаратты жинаған, үлкен разработка жасаған жұмыстарды осылай көрсеткіміз келген.

Сериалдың ерекшелігі – оқиға тек қылмыстық әлем төңірегінде өрбімейді. Кейіпкерлердің әрқайсысы өз таңдауының алдында тұрады. Бірі билікке ұмтылады, бірі сенім үшін күреседі, енді бірі өз болмысын жоғалтып алмауға тырысады. Сондықтан туындыда тартыс сыртта ғана емес, адамның ішінде де жүреді.

ШЫҢҒЫС РӘШ, АКТЕР:

Менің әкемнің аты - Сабыр. Сол ОПГ-ның басшысы. Оң қолы болып, әкеме көрсеткім келеді өзімді. Әкемнің жолын жалғастырғым келеді. Бірақ әкем кішкене маған сенбейді деп өзім ойлаймын. Бірақ негізі ұлы ретінде жақсы көріп, осындай жолға кірмесін деп үміттенеді. Сондықтан көп істен мені алыстатуға тырысады.

Телехикаяның тағы бір ерекшелігі  суретінде. Экраннан үйреншікті ашық түстерді көрмейсіз. Мұнда бәрі қараңғы, контраст көп, бұл кейіпкердің ішкі қорқынышын сездіру үшін жасалған. Түсірілім тобы адамның жан - дүниесін көрсетуге тырысқан. Сапалы дүние шығару үшін ең соңғы техника қолданылып жатыр.

АЛЕКСАНДР ШУНГИН, ҚОЮШЫ ОПЕРАТОР:

Көрерменге сапалы дүние ұсыну үшін ең үздік, мүмкіндігі жоғары камералармен түсіріп жатырмыз. Бұл кейін картинаны бояғанда экраннан өте әдемі әрі ерекше көрінуі үшін маңызды. Оның үстіне кейіпкерлер атысатын сахналарды барынша шынайы етуге тырыстық. Арнайы мамандарды шақыртып, түсірілімге нағыз тапаншаларды қолдандық.

Өзгенің атын жамылған Жәңгір өзін жоғалтпай, қауіпті ортадан аман шыға ала ма? Көрерменді соңына дейін шыдамсыздықпен күттіретін сериал жақын арада «Астана» телеарнасы арқылы көрерменге жол тартады