Судьялыққа кандидаттарға арналған біліктілік емтиханы түбегейлі жаңғыртылды

Фото: ORTCOM.KZ

ҚР Жоғары Сот Кеңесінің мүшесі Жанат Оспанованың айтуынша, конкурстық іріктеудің сапасын айқындайтын негізгі кезең – біліктілік емтиханы. Соңғы екі жылда біліктілік емтиханы жүйесі түбегейлі жаңғыртылды.
 

«Емтиханнан өту мерзімі 1,5 жылдан 3 айға дейін қысқартылды. Бұған емтиханды ай сайын өткізу, психологиялық тестілеу санын көбейту және Біліктілік комиссиясының жұмысын қайта ұйымдастырудың нәтижесінде қол жеткізілді», - деді спикер ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында.



Бүгінде біліктілік емтиханы бес кезеңнен тұрады: компьютерлік тестілеу, эссе жазу, практикалық кейстерді шешу, психологиялық тест және қорытынды әңгімелесу. Сонымен қатар емтихан материалдары толық жаңартылып, 1000-ға жуық жаңа тест тапсырмасы әзірленіп, тәуелсіз ғылыми сараптамадан өтті. ҚР Жоғары Сот Кеңесінің мүшесі бұл тәсілдің тиімділігі биылғы жылдың нәтижелерінен айқын көрініп отырғанын атап өтті.
 

«Биылғы жылдың алғашқы алты айында 304 кандидаттың қатысуымен төрт біліктілік емтиханы өткізілді. Емтиханның барлық кезеңін 53 кандидат сәтті аяқтады. Бұл жалпы қатысушылар санының 17,4%-ын құрайды. Бұл – іріктеу жүйесін дәйекті жетілдірудің нәтижесі», - деді Ж. Оспанова.