Прагада қазақ жастары Ұлттық домбыра күніне орай өнер көрсетті

  • AstanaTV
  • 03 шілде 2026

Еуропа төрінде қазақтың күйі күмбірледі. Прагада қазақ жастары жиналып, Ұлттық домбыра күніне орай өнер көрсетті. «Әуен» домбыра мектебінің оқушылары халық күйлерін орындап, қала тұрғындары мен шетелдік туристердің ерекше ықыласына бөленді. Өнер ордасы алдымен «Отандастар қоры» мен Чехиядағы «Qazaq Nomad» ұйымының қолдауымен ашылған сегіз айлық курстан бастау алған. Бүгінде жоба жеке ансамбльге айналып, Прагада ұлттық мәдениетті жүйелі түрде насихаттайтын орталыққа айналды. Мереке аясында дәстүрлі өнер ғана емес, заманауи цифрлық жобалар да таныстырылды. Соның бірі - жасанды интеллект мүмкіндіктерін қолдана отырып жасалған «Dombrapp» бірыңғай платформасы. Жоба авторлары қосымшаның домбыра үйренушілер мен кәсіби ұстаздарды байланыстыратын бірегей кешенді жүйе екенін атап өтті. Алдағы уақытта авторлар команда құрамын кеңейтіп, инвесторлар тартуды жоспарлап отыр. Сондай-ақ, Чехия азаматы Штепан Паздэрка бір жылдың ішінде аспапта ойнауды үйреніп қана қоймай, Ұлттық домбыра күніне орай ерекше тарту жасады. Ол домбыра ішектерін оңай әрі жылдам баптауға арналған, App Store арқылы тегін жүктеуге болатын арнайы тюнер-қосымшасын әзірлеп шықты.

ҒАБИТ ҒАФУР, "ӘУЕН" МЕКТЕБІНІҢ НЕГІЗІН САЛУШЫ:

Менің әуен мектебімде чех азаматтары, Вьетнам азаматтары, украиндықтар, орыс азаматтары домбыра үйренгендіктен, жыл сайын домбыраға махаббатымыз артқаннан кейін досымызбен бірге Қазақстан азаматтарына "Домбыра АПП" деген цифрлық платформа жасап жатырмыз.