Елордада "Заңсыз келуші" жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында көші-қон заңнамасын бұзудың 130 дерегі анықталды.
Елорда аумағында көші-қон заңнамасын бұзушылықтардың алдын алу, олардың жолын кесу және қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету мақсатында "Заңсыз келуші" республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілуде. Іс-шара аясында полиция қызметкерлері рейдтік іс-шаралар ұйымдастырып, шетел азаматтары болуы ықтимал орындарды тексеруде.
Ерекше назар қонақ үйлерге, жатақханаларға, құрылыс нысандарына, базарларға және адамдар көп шоғырланатын орындарға аударылып отыр. Жүргізілген тексерулердің нәтижесінде көші-қон заңнамасын бұзудың 130 дерегі анықталды. Заң талаптарын бұзғаны үшін 105 шетел азаматы әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Сонымен қатар, шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдарды қабылдау кезінде көші-қон заңнамасының талаптарын бұзғаны үшін Қазақстан Республикасының 16 азаматына қатысты әкімшілік шара қолданылды. Бұдан бөлек, шетелдік жұмыс күшін және еңбекші иммигранттарды заңсыз жұмысқа тартқан сегіз жұмыс беруші әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сот шешімімен 13 шетел азаматы Қазақстан Республикасының аумағынан шығарылды.
Жалпы, жыл басынан бері елімізден 632 шетел азаматы шығарылған. Полиция қоғамдық тәртіпке қол сұғатын құқық бұзушылықтардың алдын алуға да ерекше көңіл бөлуде. Жыл басынан бері қоғамдық орындарда тиісу деректерін жасаған шетел азаматтары әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Олардың 10-ына қатысты сот Қазақстан Республикасының аумағынан шығару туралы шешім қабылдады. Олармен бірге ел аумағынан 22 кәмелетке толмаған бала шығарылды.
Полиция жұмыс берушілерді және шетел азаматтарын қабылдайтын азаматтарды көші-қон заңнамасының талаптарын қатаң сақтауға шақырады. Заң талаптарын сақтамау Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес әкімшілік жауапкершілікке әкеп соғады.