Астанада полиция мотоциклдердің шамадан тыс шу шығаруына қатысты бақылауды күшейтті

Фото: polisia.kz

Жаз мезгілінде мотокөліктер қозғалысының артуына байланысты полиция қызметкерлері азаматтардың тыныштығы мен тынығуын бұзудың алдын алуға бағытталған профилактикалық жұмыстарды күшейтті.

Әсіресе түнгі уақытта шамадан тыс шу шығаратын мотоцикл жүргізушілеріне ерекше назар аударылуда. Артық шу көбіне көлік құралдарының өзгертілген немесе техникалық ақауы бар шығару жүйелерін пайдаланудан, сондай-ақ тұрғын үйлердің маңында жылдамдықты күрт арттырып, агрессивті жүргізу мәнерінен туындайды.

Мұндай әрекеттер тұрғындардың тыныштығын бұзып қана қоймай, қоғамдық тәртіпке де кері әсерін тигізеді. Профилактикалық іс-шаралар аясында полиция қызметкерлері рейдтер өткізіп, құқық бұзушылықтарды анықтауда, мотокөлік иелерімен түсіндіру жұмыстарын жүргізуде және заң талаптарын елемеген тұлғаларды әкімшілік жауапкершілікке тартуда.

Мәселен, түнгі уақытта 30 жастағы Kawasaki мотоцикл жүргізушісі Тәуелсіздік даңғылында тұрғын үй маңында қатты шу шығарып, азаматтардың тыныштығы мен тынығуын бұзған. Полиция қызметкерлері құқық бұзушыны анықтап, оған қатысты әкімшілік шара қолданды. Жыл басынан бері түнгі уақытта азаматтардың тыныштығы мен тынығуын бұзғаны үшін 14 мыңға жуық құқық бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Полиция мотокөлік иелерін көлік құралдарын пайдалану қағидаларын қатаң сақтауға, шамадан тыс шу шығаратын өзгертілген шығару жүйелерін қолданбауға және айналасындағылардың тыныштығына құрметпен қарауға шақырады. Заң талаптарын сақтау – қоғамдық тәртіп пен жол мәдениетінің маңызды көрсеткіші.