Қызылорда облысында қоғамдық орындарда бет тұмшалауға қатысты түсіндіру жұмыстары жалғасып жатыр

Polisia.kz

Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында Қызылорда облысында қоғамдық орындарда адамның бет-әлпетін тануға кедергі келтіретін киім үлгілеріне қатысты заң талаптарын түсіндіру жұмыстары тұрақты түрде жүргізіледі. Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 434-3-бабына сәйкес қоғамдық орындарда адамның жүзін тануға кедергі келтіретін киім киюге тыйым салынған. Бұл талап балаклаваға, медициналық мақсаттан тыс бетперделерге, никабқа және адамның бет-жүзін толық немесе едәуір бөлігін жабатын өзге де киім түрлеріне қатысты қолданылады. Жыл басынан бері Қызылорда облысында аталған бап бойынша 284 құқық бұзушылық тоқтатылды. Түсіндіру іс-шаралары барысында полиция қызметкерлері тұрғындармен кездесулер өткізіп, заң талаптарын түсіндіріп, ақпараттық жадынамалар таратты. Сонымен қатар азаматтардың сұрақтарына жауап беріп, қоғамдық орындарда құқықтық сауаттылықты арттыруға бағытталған жұмыстар жүргізуде. Әсіресе сауда-ойын-сауық орталықтарында, білім беру ұйымдарында және адамдар көп шоғырланатын орындарда профилактикалық жұмыстарға ерекше көңіл бөлінуде. Полицейлердің айтуынша, аталған шаралардың негізгі мақсаты – азаматтарды жауапкершілікке тарту емес, құқық бұзушылықтың алдын алу. Заң талаптарын алғаш рет бұзған азаматтарға ескерту жасалады. Ал құқық бұзушылық қайталанған жағдайда заңнамаға сәйкес 10 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде әкімшілік айыппұл салынады. Полиция тұрғындар мен өңір қонақтарын қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған заң талаптарын сақтауға және құқықтық тәртіпті нығайтуға атсалысуға шақырады.