Жапонияда Starlink жүйесін өрт гидранттарының белгілеріне орнатып сынақтан өткізді

Фото: prtimes.jp

Сынақ барысында Starlink антеннасы мен қажетті жабдықтар өрт гидрантының орнын көрсететін жол белгісінің бағанына орнатылып, оның айналасында Wi-Fi желісін тарату мүмкіндігі тексерілді.

Жапонияның Канагава префектурасында мамандар табиғи апат кезінде байланысты қамтамасыз ету үшін Starlink спутниктік интернет жүйесін пайдаланудың техникалық сынағын өткізді.

Сынақ барысында Starlink антеннасы мен қажетті жабдықтар өрт гидрантының орнын көрсететін жол белгісінің бағанына орнатылып, оның айналасында Wi-Fi желісін тарату мүмкіндігі тексерілді.

Мамандар:

  • байланыс тұрақтылығын;
  • пайдаланушылардың жүйеге қосылу ыңғайлылығын;
  • жүйені қалыпты жағдайда және төтенше жағдай кезінде қолдану мүмкіндігін;
  • жаңа технологияның қолданыстағы инфрақұрылыммен үйлесімділігін бағалады.

Жобаның мақсаты – жер сілкінісі, тайфун, су тасқыны немесе басқа да табиғи апаттар кезінде жерүсті байланыс желілері істен шықса, өрт гидранттарының белгілерін жергілікті интернет пен ақпарат тарату нүктесіне айналдыру мүмкіндігін анықтау.

Жоба әзірлеушілері бұл әзірге тек техникалық сынақ кезеңі екенін атап өтті. Ол коммерциялық қызметтің іске қосылғанын немесе SpaceX компаниясымен серіктестік орнатылғанын білдірмейді.

Қазіргі таңда Жапонияда шамамен 120 мың өрт гидрантының белгісі бар. Олар тұрғын аудандарда, жол бойында және сауда орындарының маңында орналасқандықтан, төтенше жағдай кезінде жаңа инфрақұрылым салмай-ақ байланыс нүктесі ретінде пайдаланылуы мүмкін.

Мамандардың айтуынша, мұндай жүйе табиғи апаттар кезінде ғана емес, жаппай іс-шаралар немесе азаматтық қорғаныс жаттығулары кезінде де уақытша интернетпен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.