Қашаған мен Қарашығанақта қайта өңдеу қуаттарын іске қосу есебінен ішкі тұтынуға арналған тауарлық газ өндіру көлемі 29,6%-ға, яғни 2025 жылғы 27,4 млрд текше метрден 2032 жылға қарай 35,5 млрд текше метрге дейін ұлғаяды. Бұл туралы Үкімет отырысында Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов мәлімдеді.
Сондай-ақ министрдің сөзінше, 2027-2030 жылдар аралығында тауарлық газдың қосымша көлемі 1,6 млрд текше метрге, 2031 жылы – 2,3 млрд текше метрге, ал 2032 жылы 6,6 млрд текше метрге жетеді.
2026 жылдың соңында «Бейнеу-Бозой-Шымкент» газ құбырының екінші желісіне қарасты желілік бөлігінің бірінші кезеңін, ал 2029 жылы оның екінші кезеңін аяқтау жоспарланып отыр.
2027 жылы Қашағанда қуаттылығы жылына 1 млрд текше метр болатын ГӨЗ және Жаңаөзенде қуаттылығы жылына 0,9 млрд текше метр болатын ҚазГӨЗ пайдалануға берілмек.
2030 жылға қарай Қашағанда қуаттылығы жылына 2,5 млрд текше метр болатын ГӨЗ, сондай-ақ Қарашығанақта қуаттылығы жылына 5 млрд текше метр болатын ГӨЗ іске қосу көзделген.