Трамп: «Украинадағы соғыс біз ойлағаннан ерте аяқталады»

Трамп пен Зеленский ақыры кездеседі. Осыған дейін бір жиында жүре тұра бастары қосылмай келген қос басшы соғысты тоқтату мәселесін талқылайды. Трамп Түркиядағы НАТО саммитіне тек сол үшін бара жатқанын жеткізді. Демалыс күндері АҚШ тәуелсіздік алғанына 250 жыл толуын ерекше атап өтті. Ал, Иранда АҚШ шабуылынан қаза тапқан Аятолла Хаменеиді 4 айдан кейін барып, жер қойнауына табыстады. Шартараптағы соңғы жаңалықтарды Еркелді Тілеуқұл шолып шықты.

Украинадағы соғыстың аяғы сіздер ойлағаннан да жақын. Трамп осындай мәлімдеме жасады. АҚШ Президенті ақыры Владимир Зеленскиймен кездеспек. Осыған дейін бірнеше алқалы жиында бір үстел басында отырса да, бір-бірімен әңгімелеспеген мемлекет басшылары кең құрамда келіссөз жүргізуге келісіп қойды. Жалпы, АҚШ Президенті Түркиядағы НАТО саммитіне тек сол үшін бара жатқанын жасырмады.

ДОНАЛЬД ТРАМП, АҚШ ПРЕЗИДЕНТІ:

Путин де, Зеленский де соғыстың тоқтағанын қалайды. Мен екеуімен де телефон арқылы сөйлестім. Сондықтан, әлем нағыз бейбітшілікке өте жақын деп айта аламын. Маған НАТО саммиті керек емес. Дым шеше алмай, құр ауызбен орақ оратын еуропалықтармен амандаспаймын да. Мен тек, нақты проблемаларды шешетін адаммын.

Зеленский де, Трамптың әңгімесін растады. Альянс құрамында болмаса да, арнайы шақырту алған Украина Президентінің де талаптары бар. Мәселен, демалыс күндері болған Ресей шабуылдарын тойтаруға әуе қорғанысы кешендері жетіспей жатқандығын және Трамптан Пэтриот кешендерін сатуын сұрайтынын жеткізді.

ВЛАДИМИР ЗЕЛЕНСКИЙ, УКРАИНА ПРЕЗИДЕНТІ:

Біз Ресейдің мақтанған қанатты зымырандарын сұлатып түсірдік. Десе де, әуе қорғанысы кешендерінің снарядтары таусылып барады. Қай нысананы көздейміз деп басымыз қатып отырған жайымыз бар. Президент Трамп бейбіт жандардың өміріне бей-жай қарамайды деген үмітім бар.

Демалыс күндері АҚШ тәуелсіздіктің 250 жылдығын дүбірлетіп атап өтті. Трамптың орынбасары әскерилер алдында сөз сөйлеп, салтанатты жиындарға қатысса, АҚШ Президенті дүйім жұртты жинап, Америка халқының әлемді қалай құтқарғаны туралы хикаяларды айтып берді.

ДОНАЛЬД ТРАМП, АҚШ ПРЕЗИДЕНТІ:

Америка тәуелсіздік алып, өз алдына мемлекет болғалы бері әлемдегі бар зұлымдықпен күресіп келеді. Әр америкалық білуі тиіс. Біз әр проблеманы шешіп, әр жауды жайратамыз. Бірінші Дүниежүзілік соғыс, екінші дүниежүзілік соғыс бар. Одан қалды коммунизммен 40 жыл арпалыстық. 11 қыркүйектен кейін де ес жинадық. Біз ешқашан жеңілмейміз.

Иранда Аятолла Али Хаменеиді соңғы сапарға шығарып салды. 4 ай бұрын АҚШ шабуылынан қаза тапқан мемлекет басшысымен қоштасу 4 күнге созылып, тек содан кейін жерленді. Бірақ, бұл шараның барлығында қазіргі басшы әрі Али Хаменеидің ұлы Моджтаба Хаменеи көрінбеді.