«Euronews» арнасы енді қазақ тілінде ақпарат таратады

Әлемге әйгілі Euronews арнасы енді қазақ тілінде ақпарат таратады. Бұл туралы еліміздің мәдениет және ақпарат бірінші вице-министрі Қанат Ысқақов мәлімдеді. Оның айтуынша, бұл – нағыз тарихи оқиға. Жер жаһанды жылдам әрі сапалы ақпаратпен қамтитын телеарна отандық көрермендер үшін екі сериал дайындап та үлгерді. Халқымыздың мәдениеті мен аймақ тынысы туралы тың деректер қамтитын бағдарламаларды көрермендер тамашалай алады.

ҚАНАТ ЫСҚАҚОВ, ҚР МӘДЕНИЕТ ЖӘНЕ АҚПАРАТ БІРІНШІ ВИЦЕ-МИНИСТРІ:

Euronews – әлемнің жетекші ақпараттық телеарнасы. Бұл біз үшін үлкен мәртебе. Бұл телеарнаның қазақ тілінде хабар таратуы шынайы заң талабы. Бұл ешқандай сәнге айналған дүние емес. Осы жайт мемлекеттік тілдің дамуына үлкен серпіліс береді. Оған қоса, ақпараттық қауіпсіздігімізді нығайтудың бірден-бір жолы деп саналады.

ПЕДРО ВАРГАС ДАВИД, «EURONEWS» ДИРЕКТОРЛАР КЕҢЕСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ:

Біздің телеарнамыз бен Қазақстан елінің тығыз әріптестігіне 2 жыл болды. Осыған орай, керемет жаңалықпен бөлісіп отырмыз. Бұл – нағыз тарихи сәт. Euronews бүкіл әлемге түсінікті болуы үшін хабарларымызды 14 тілде таратады. Соның қатарына қазақ тілі қосылып отыр. Өйткені, Қазақстан Еуропа мен Азияны байланыстырып тұр. Қазір, мемлекеттеріңізді Еуропаға да, Азияға да жатқызуға болады. Бұл – ешкімде жоқ мүмкіндік.