«Дала Қырандары» Өскемендегі астыртын цехтың жұмысын тоқтатты

Өскеменде тонналап саудаланатын астыртын ішімдік қоймасы әшкереленді. Құзырлы органдар рейд барысында 200 литрден астам заңсыз өнімді тәркіледі. «Дала Қырандары» жастар бірлестігінің белсенділерімен бірге ұйымдастырылған шара туралы келесі бейнематериалда.  

Асқартау көшесіндегі бұл үй халық арасында «Колхозка» арағын сататын орын ретінде белгілі. «Дала Қырандары» жастар ұйымының белсенділері мұнда бірнеше күн бойы бақылау жүргізген. Олар заңсыз сауданы таспаға түсіріп, полиция мен прокуратураға бұлтартпас айғақ ретінде ұсыныпты.

НҰРҒАЛИ ТҰРСЫНҒАЗИЕВ, «ДАЛА ҚЫРАНДАРЫ» МЖБ ҮЙЛЕСТІРУШІСІ:

Біз бұл аумақта бір апта бойы түнгі сатып алу амалдарын жасадық. Сауда нүктелері өте сақ қимылдайды. Ақшасын қақпа арқылы берсеңіз, тауарды арғы жақтағы гараждың тасасынан шығарып береді.

Жасырын цехтың ауқымы өте үлкен. Қораның төбесінен түсірілген мына кадрлардан оның отын қоятын орын емес, ішімдікке толы қойма екені анық көрінеді. Рейд кезінде мұнда әр бес минут сайын тұтынушылардың көлігі келіп жатты. Ал астыртын бизнестің қожайыны дуалдың артына тығылып, сыртқа шықпады.

ВАСИЛИЙ ТАХТАЙ, «ДАЛА ҚЫРАНДАРЫ» МЖБ ҮЙЛЕСТІРУШІСІ:

Бұл - 205 литр у. Мұндай сапасыз өнімнен қаншама адам уланып, ажал құшып жатыр. Мақсатымыз осындай трагедиялардың алдын алып, жалған өнімнің таралуына толықтай тосқауыл қою.

Бүкіл контрафактілік өнімге сол жерде мөр басылып , сараптамаға жіберілді. Тәртіп сақшылары жасырын цех иесіне қомақты айыппұл салынып, тауары толық тәркіленетінін айтты. Ал жастар ұйымы мұндай тексерістерді алдағы уақытта тұрақты түрде жүргізбек.