Семей қаласының полициясына төрт жасар Омардың жоғалғаны туралы хабарлама түсті. Анасының айтуынша, бала Халықтық көшесіндегі үйдің маңынан белгісіз бағытқа кетіп қалған. Сонымен қатар оның сөйлеу қабілеті шектеулі екені хабарланды. Хабарлама келіп түскен бойда баланы іздеуге Абай облысы полиция департаментінің барлық сыртқы қызметтері жедел жұмылдырылды.
Іздестіру жұмыстары бір мезетте бірнеше бағытта ұйымдастырылып, жақын маңдағы көшелер мен қоғамдық орындар толық тексерілді. Жедел қабылданған шаралардың нәтижесінде небәрі 20 минут ішінде патрульдік полиция батальонының экипажы баланы жоғалған жерге жақын орналасқан балалар ойын алаңынан тауып алды. Бала анасына аман-есен табысталды. Оның өмірі мен денсаулығына ешқандай қауіп төнген жоқ. Полиция ата-аналарға кішкентай балаларды қараусыз қалдырмауға шақырады. Егер бала жоғалып кетсе, уақыт оздырмай 102 арнасына хабарласу қажет. Уақтылы берілген ақпарат іздестіру жұмыстарын жедел ұйымдастыруға және баланы қысқа мерзімде жақындарына қайтаруға мүмкіндік береді.