Өскеменде жыл басынан бері бір жарым тоннаға жуық заңсыз алкоголь тәркіленді

Polisia.kz

Облыс орталығында полицейлер спирт қосылған өнімді заңсыз сату фактісінің жолын кесті. Заңсыз айналымнан құжаттары жоқ, шығу тегі күмәнді 43 бес литрлік ыдыстағы өнім тәркіленді. 7 шілдеде “102” жедел арнасына Өскемен көшелерінің бірінде қолдан жасалған спирт қосылған сұйықтықты сату туралы хабарлама түскен. Тексеру барысында полиция қызметкерлері 215 литр сұйықтықты анықтап, тәркіледі. Өскемен қаласының тұрғыны тиісті тіркеусіз және рұқсатсыз кәсіпкерлік қызметпен айналысқаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Тәркіленген заттың құрамын дәл анықтау және тұтынушылар үшін қауіпсіздік дәрежесін белгілеу мақсатында сот-сараптамалық зерттеу тағайындалды. Сараптама нәтижелері алынғаннан кейін жинақталған материалдар процессуалдық шешім қабылдау үшін сотқа жолданады. Осы жылдың басынан бері Өскеменде Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 463-бабы бойынша спирт қосылған өнімдерді сатуға қатысты заңсыз кәсіпкерлік қызметтің 57 фактісі анықталды. Заңсыз айналымнан бір жарым тоннаға жуық алкоголь және спирт қосылған өнім тәркіленді. Полиция белгіленбеген орындардан алкоголь сатып алу денсаулыққа және өмірге елеулі қауіп төндіретіндігі туралы ескертеді және азаматтарды қырағы болуға және заңсыз сауда деректері туралы “102” нөмірі бойынша дереу хабарлауға шақырады.