Трамп: «Ирандықтардың естері дұрыс емес»

Ирандықтардың естері дұрыс емес. Трамп осылай деп, бейбіт келісім күшін жойғанын хабарлады. Себебі, Иран Ормуз бұғазында келе жатқан кемелерге, АҚШ флотына және Кувейтке шабуыл жасаған. Трамптың мәлімдемелері мұнымепн бітпеді. Жақын жердегі одақтастарымнан алыстағы Түркия артық, - дейді АҚШ Президенті. Одан бөлек, Гренландияны қарамағына алуға қайтадан ниет білдірді. Шартараптағы соңғы жаңалықтарды Еркелді Тілеуқұл шолып шықты.

Басшысын енді жерлеген Иран қайтадан айбат шегіп отыр. Ормуз бұғазындағы өзімен-өзі кетіп бара жатқан кемені, одан қалды АҚШ флотының кемелерін дронмен атқылап, Кувейтке кезекті рет соққы жасады. АҚШ флоты көп күттірмей жауап қатты. Ал, НАТО бас хатшысы Марк Рютте, одақ осы жолы батылырақ әрекет жасағанын қалайтынын жеткізді.

МАРК РЮТТЕ, НАТО БАС ХАТШЫСЫ:

Иран халықаралық теңізде білгенін істеп отыр. Бұл – барып тұрған қылмыс. Жапа шеккен Еуропалық кеме. Біз бұған қашанға дейін көз жұма қараймыз. Бүгін жиналыста одақтас ел басшыларының алдында мен міндетті түрде осы мәселені көтеремін. Нақты шешім қабылдау керек деп есептеймін.

Трамп болса, қаһарына мінді. Иранмен енді бейбіт келісім болмайды, - дейді. Үндемеген сайын, мойнымызға мініп алды, - деп ашуын жеткізді.

ДОНАЛЬД ТРАМП, АҚШ ПРЕЗИДЕНТІ:

Бүкіл әлем куә. Олармен бейбіт келісім жасағым келді. Өзімнің сенімді серіктерімді бірнеше рет жібердім. Олар көнгендей болып, енді соғыспайық, - дейді. Ядролық бағдарламаны тоқтатуға да уәде берді. Енді келіп, өз балысымдарына: «Ешқандай келісім болмайды», - дейді. Бұлардың естері дұрыс емес.

Ердоған болмаса бұл саммитке келмейтін де едім, - дейді АҚШ Президенті. Тіпті, көптен бері дау болып келген мәселені де шешуге дайын екендігін мәлімдеді Ақ үй басшысы. Есмтеріңізге сала кетсек, Түркия көптен бері ең заманауи Ф-35 ұшақтарын сатуды АҚШ билігінен өтініп келеді.

ДОНАЛЬД ТРАМП, АҚШ ПРЕЗИДЕНТІ:

Режеп Тайып Ердоған менің досым. Ол шақырған соң, сөзін жерге тастай алмаймын. Мынау Еуропа елдерінің басшыларын көрсем, құсқым келеді. Кәрі Құрлық 20 жылда адам танымастай өзгерді. Қай мәселені айтсаңыз, өздері шешімін білмейді. Шешімін айтсаң түсінбейді. Түркия маған қазір, кез-келген еуропа елінен жақын. Сондықтан, осы уақытқа дейін шешілмей келген мәселені көп ұзамай реттейміз.

Гренландия туралы сөз қайта қозғалды. Трамп, Данияның ешқандай пайдасы жоқ ел екенін айтты. Себебі, осы уақытқа дейін аралдың дамуына мүлдем әрекет етпегенін алға тартты.

ДОНАЛЬД ТРАМП, АҚШ ПРЕЗИДЕНТІ:

Осы Дания деген елдің не пайдасы бар. Әлемдегі ең үлкен аралды басқарып, түк істемей отыр. Гренландияның жан-жағында жақын арада Қытай мен Ресей кемелері жағалап жүреді. Мен осының алдын алмақпын. Аралдың тұрмысы қаншалықты нашар екенін де ешкім көрмей отыр.

Франция Президенті Эммануэль Макрон Сирияға барды. Ол режим өзгергелі бұл елге барған алғаш Еуропалық басшы атанды. Әрі 17 жылдан бері аттап басқан алғаш Франция Президенті атанды. Алдын ала мәлімет бойынша, Макрон Сирияға үлкен инвестиция салуды көздеп отыр.