Шетелге жұмысқа жібереміз деген компанияға сенген 150-ге жуық студент сан соғып қалды

  • AstanaTV
  • 08 шілде 2026

Қазақстанда шетелге жұмысқа жібереміз деген компанияға сенген 150-ге жуық студент сан соғып қалды. Айтуларынша, олар «Work and Travel» бағдарламасы арқылы шетелге жолдама алып, жұмысқа орналасуға тиіс болған. Алайда уәде етілген мерзімде ұсыныс ала алмаған жастар енді төлеген қаражатын қайтара алмай жүргендерін айтады. 

Студенттердің айтуынша, бағдарламаға қатысу үшін әрқайсысы миллионға жуық ақша төлеп, келісімшарт жасаған. Келісімшартта жұмыс ұсынысы мамырдың 31-не дейін берілуі тиіс болған. Егер сол мерзімге дейін ұсыныс келмесе, төленген қаражат толық қайтарылады деп көрсетілген. Алайда арада бірнеше ай өтсе де, ақша қайтарылмаған. Бұған қоса, компания өкілдерімен байланысу да қиындаған.

СҰЛТАН МУХАМЕДЖАН, СТУДЕНТ:

Договорда жазған 31-ші майға дейін жұмыс офер келу керек еді, бірақ оған дейін келмеді. 31-ші майға дейін келмеген жағдайда 100 пайыз возврат деген болды. 100 пайыз возврат болу керек еді, бірақ әлі қайтқан жоқ.

НҰРАЙ РАХМАНБЕК, СТУДЕНТ:

Тіпті хабарға да шықпады, звондасақ мүлдем алмайтын телефондарын. Ай сайын 33мың 334 теңге төлеймін. Енді өзіміздің ақшамыз болмағандықтан бәріміз студентпіз  әке-шешеміздің ақшасын аламыз өкінішке орай.

Ал компания басшылығының айтуынша, олар биыл Германиядағы халықаралық серіктеспен алғаш рет жұмыс істеген. Алайда шетелдік серіктес өз міндеттемесін толық орындамағандықтан, студенттердің басым бөлігі жұмыс ұсынысын ала алмаған. Компания өкілдері қаржылық қиындыққа байланысты қаражатты бірден қайтара алмай отырғандарын айтып, клиенттермен медиатор арқылы келісім жасалып жатқанын жеткізді.

МИРАС ОРАЗҒАЛИЕВ, КОМПАНИЯНЫҢ АТҚАРУШЫ ДИРЕКТОРЫ:

Өкінішке қарай, клиенттердің аз ғана бөлігі жұмыс ұсынысын алып, шетелге аттанды. Ал басым көпшілігіне жұмыс ұсынысы берілген жоқ. Ал келісімшартқа сәйкес, өз міндеттемелерімізден бас тартпаймыз және оларды орындауға дайынбыз. Қазіргі таңда басты мәселе қаржыландыру болып тұр. Сол үшін клиенттердің қаражатын қайтару үшін медиаторды тартық.

Компания өкілдері барлық клиент алдындағы міндетін орындауға уәде бергенімен, қаражаттың нақты қашан қайтарылатынын айта алмады. Ал студенттер мәселе жуырда шешілмесе, сотқа да жүгінбек. Бүгінде жастардың арызы бойынша полиция тексеріс жүрігізіп жатыр.