Ақтөбеде саяжай тұрғындары жарықсыз отыр

  • AstanaTV
  • 08 шілде 2026

Ақтөбеге қарасты «Автомобилист» бау-бақша ұжымында жүзден астам отбасы тұрып жатыр. Тағы 40-қа жуық үй толық салынып, қоныстануға дайын. Бірақ баспаналы болғандардың дені әлі көшіп келе алмай отыр. Себебі мұнда тұрақты электр желісі жоқ. Газ бен суды тұрғындар өз қаражаттарына әрең тартқан. Ал жарық мәселесі бірнеше жылдан бері шешімін таппай келеді.

Көрші саяжайдың әлсіз электр желісіне тәуелді болған халық үшін күнделікті тұрмыс қиындап барады. Кешкі уақытта кернеу күрт төмендеп, кір жуғыш машина, тоңазытқыш, теледидар сияқты тұрмыстық техникаларды қатар қосу мүмкін емес. Кей тұрғындардың техникалары жанып кеткен. Соған қарамастан, ай сайын электр энергиясына он мың теңгеге дейін ақы төлейді.

КЕНЖЕТАЙ ДАЙРАБАЙ, ЗЕЙНЕТКЕР:

Суға балалар түсе алмайды. Тамағымызды пісіре алмаймыз, кір машина жұмыс істемейді-свет әлсіз өте. Балаларға сабақ оқуға өте қиын. Менің өзімнің кір машинам, холодильнигім жанып кетті.

ЖАНАРГҮЛ КҮЗЕМБАЕВА, КӨПБАЛАЛЫ АНА:

Не кешкісін қонағымызды күте алмаймыз, не кір машинамызды қоса алмаймыз, бір жерге барып кірді жуып келеміз, су жоқ. Қырғын бала-шағамыз бар, бұрынғы өз баламыздың үстіне келінің қосылады, немерең қосылады, көп отбасы тұрады.

Тұрғындар талай мекеменің табалдырығын тоздырған. Қала әкімінің қабылдауында да, депутаттарға да барған. Бірақ нәтиже жоқ. Ал арада 1,5 айдан соң жаңа оқу жылы басталады. Балалар сабаққа дайындалуы керек. Алайда әлсіз жарықпен кешкі уақытта кітап оқу да қиын.

ШАРА АҚБЕРГЕНОВА, «АВТОМОБИЛИСТ» ТӨРАЙЫМЫ:

1 жыл болды әлі ПСД дайын емес, экспертизаға кетті дейді, бірақ әлі жоқ, дайын емес. Осы уже бастау керек олар, мына проектный сметаны, монтаж бастауы керек уже. Енді мен мына қысқа қалып тұрмын қайтадан. Осы мен тағы да светсіз қаламын, ана менің трансформаторым-маломощный. Ол шыдамайды.

Жергілікті әкімдік мәселеден хабардар. Алайда мұның құқықтық жағы барын айтады. «Автомобилист» - саяжай мәртебесіне ие. Тұрғындар алдымен қолданыстағы электр желілері мен трансформаторды өз күшімен қалыпқа келтіріп, кейін оны коммуналдық меншікке өткізу тиіс. Сот шешімінен кейін электр желілері мемлекет қарауына қабылданып, бюджет есебінен күтіп ұсталуы мүмкін. Ал тұрғындар үшін бұл талап ауыр. Өйткені бұл жерде негізінен көпбалалы, аз қамтылғандар мен зейнеткерлер тұрады. Олардың жалғыз тілегі- жылдар бойы күткен уәде орындалып, жаңа оқу жылы басталғанша бұл елді мекенге дербес электр желісі тартылса екен дейді.