"Әділет" партиясының алаңында шикізатқа тәуелділіктен арылып, жаңа өндіріс орындарын ашу мәселесі талқыланды

"Әділет" партиясының алаңында мұнай-газ саласын дамыту мен шикізатқа тәуелділіктен арылу мәселелері талқыланды. Басқосуда партия Төрағасы Айбек Дәдебай басты басымдық тек шикізат өндіру емес, ел ішінде дайын өнім шығаратын жаңа өндіріс орындарын ашу екенін мәлімдеді. Жиында "Силлено" компаниясының бас директоры Мұхтар Авутбаев қазір құрылысы жүріп жатқан полиэтилен зауытының әлеуетіне тоқталды. Кәсіпорын іске қосылғанда жылына бір миллион екі жүз елу мың тонна өнім шығарып, мыңнан астам адамды тұрақты жұмыспен қамтиды. Сонымен қатар сала мамандары геологиялық барлау жұмыстарын жандандыру мен мұнай бағасын белгілеудің ашық тетіктерін құру қажеттігін алға тартты. Жиынды қорытындылаған партия Төрағасы отандық инженерлер мен кәсіпкерлерге қолдау көрсетілсе, Қазақстан өз технологиясымен де таныла алатынын жеткізді.

АЙБЕК ДӘДЕБАЙ, "ӘДІЛЕТ" ПАРТИЯСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы еліміздің басты капиталы адам капиталы екенін бірнеше рет атап өтті. Біздің басты байлығымыз тек жер қойнауындағы мұнай ғана емес, біздің ең үлкен байлығымыз сол мұнайды әлемдік деңгейде  игере алатын қазақстандық азаматтар. Олар инженерлер, геологтар, технологтар, ғалымдар, кәсіпкерлер, жұмысшылар. Егер біз осы  адамдардың әлеуетін аша алатын болсақ, Қазақстанның болашағы да берік болатынына күмән жоқ.