Шығыс Қазақстан облысында "Таза Қазақстан" республикалық экологиялық акциясы аясында полиция қызметкерлері халық көп шоғырланатын демалыс орындарында күнделікті рейдтік іс-шаралар жүргізуде. Полицейлер тұрғындарға табиғатты қорғау, қоғамдық тәртіпті сақтау және экологиялық мәдениетті қалыптастырудың маңызын түсіндіруде.
Жаз мезгілі – табиғат аясында тынығып, өзен-көл жағасында демалып, саябақтарда серуендеп, отбасымен уақыт өткізетін ерекше кезең. Алайда жайлы әрі қауіпсіз демалыс әрбір азаматтың қоршаған ортаға деген жауапкершілігімен тығыз байланысты. Табиғатты аялау, тазалықты сақтау және қоғамдық тәртіпке құрметпен қарау – баршаға ортақ міндет.
Осыған орай "Таза Қазақстан" республикалық экологиялық акциясы аясында Шығыс Қазақстан облысы полиция департаментінің қызметкерлері тұрғындар мен өңір қонақтары көп жиналатын демалыс орындарында күн сайын профилактикалық рейдтер өткізуде. Іс-шаралар барысында өзен-көл жағалаулары, саябақтар, демалыс аймақтары және басқа да қоғамдық орындар қамтылуда. Рейд кезінде полицейлер азаматтармен түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, қоқысты бейберекет тастамауға, абаттандыру қағидаларын сақтауға, өрт қауіпсіздігі талаптарын қатаң орындауға және табиғатқа жанашырлықпен қарауға шақырады. Сонымен қатар тұрғындарға қоғамдық орындарда құқықтық тәртіпті сақтау қажеттігі де ескертіледі. Мұндай іс-шаралардың басты мақсаты – азаматтарды жауапкершілікке тарту емес, құқық бұзушылықтардың алдын алу, тұрғындардың экологиялық мәдениетін қалыптастыру және қоршаған ортаға ұқыпты қарау дағдысын нығайту. Себебі демалыс орындарының тазалығы мен қауіпсіздігі әрбір адамның саналы әрекетіне байланысты. Жыл басынан бері Шығыс Қазақстан облысында абаттандыру қағидаларын бұзу және қоғамдық орындарды ластау бойынша 5 мыңнан астам құқық бұзушылық анықталды. Осыған байланысты полиция тарапынан профилактикалық жұмыстар тұрақты негізде жалғасып келеді. Шығыс Қазақстан облысының полиция департаменті тұрғындар мен өңір қонақтарын табиғат аясында демалу кезінде тазалықты сақтауға шақырады. Қоқысты арнайы жәшіктерге тастау немесе өзіңізбен бірге алып кету – әрбір азаматтың экологиялық мәдениетінің көрсеткіші. Табиғатты қорғау – бүгінгі ұрпақтың парызы, келер ұрпақ алдындағы аманаты.