3 млрд теңге ұрлаған: Түркістан облысында жеңілдетілген несиені жымқырған 27 адам сотталды

Фото: istockphoto.com

Түркістан облысындағы ең ірі сот процестерінің бірі аяқталды

Түркістан облысында соңғы жылдардағы ең ірі сот процестерінің бірі аяқталды. Кентау қалалық соты мемлекеттік бағдарлама аясында берілген жеңілдетілген несиелерді жымқыру ісі бойынша айыпталған 27 адамға қатысты үкім шығарды. 

Тергеу нұсқасына сәйкес, мемлекетке келтірілген шығын шамамен 3 миллиард теңгені құраған.

Іс бойынша 27 адам сотқа тартылды. Олардың 15-іне алаяқтық жасады деген айып тағылса, қалғандарына бұдан бөлек ұйымдасқан қылмыстық топ құрды, оған жетекшілік етті және оның құрамына қатысты деген айыптар тағылған.

Сот 12 айыпталушыны ұйымдасқан қылмыстық топ құру және оған қатысу бабы бойынша ақтағанымен, олардың барлығын алаяқтық жасағаны үшін кінәлі деп таныды. Қалған айыпталушыларға тағылған айыптың саралануы өзгеріссіз қалды.

Сот үкімімен алты адам 6,5 жылға, екі адам 5,5 жылға бас бостандығынан айырылды. Тағы 18 сотталушының әрқайсысына бес жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Бір айыпталушы үш жылға сотталды. Сонымен қатар кәмелетке толмаған балалары бар кейбір сотталғандарға қатысты жаза өтеу мерзімі балалар кәмелет жасына толғанға дейін бір және үш жылға кейінге шегерілді.

Облыстық соттың мәліметінше, негізгі екі фигурант қызметтік өкілеттігін пайдаланып, ұйымдасқан қылмыстық топ құрып, оған жетекшілік еткен. Олар топтың 11 мүшесі және 13 сыбайласымен бірге мал шаруашылығын дамытуға арналған мемлекеттік бағдарлама аясындағы жеңілдетілген несие қаражатын алаяқтық жолмен иемденген. Оларға меншікке қарсы ауыр қылмыс жасады деген айып тағылған.

Нәтижесінде мемлекетке шамамен 3 миллиард теңге көлемінде шығын келтірілген. Оның 700 миллион теңгеден астамы бүгінгі күні өтелді.

Мемлекеттік айыптаушы соттан айыпталушыларды 6 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыруды сұраған.

Айыпталушылардың ешқайсысы өз кінәсін мойындаған жоқ. Олар мал шаруашылығын дамытуға арналған мемлекеттік бағдарлама бойынша жеңілдетілген несиені заңды түрде алғандарын айтып, соттан өздерін ақтауды сұрады.

Іс аясында «Аграрлық несие корпорациясы» акционерлік қоғамы мен Түркістан облысының ауыл шаруашылығы басқармасы келтірілген материалдық шығынды өндіру туралы азаматтық талап-арыз берген. Сот бұл талаптарды қанағаттандырды. Ал шығынның нақты мөлшері азаматтық сот ісін жүргізу тәртібімен қаралатын болады.

Сот үкімі әзірге заңды күшіне енген жоқ.