Олимпиада чемпионы Данияр Елеусінов 20 тәулікке қамалды

Олимпиада чемпионы Данияр Елеусінов 20 тәулікке қамалды.  Спортшы Астанада мас күйінде машина жүргізген. Белгілі боксшы сауда орталығы маңында екі бірдей көлікті соғып, оқиға орынынан қашып кеткен. Алайда патрульдік полиция жол талғамайтын көлікті Достық көшесінде қолға түсірді. Абырой болғанда, апаттан ешкім зардап шекпеген.  Елордалық тәртіп сақшылары 35 жастағы жүргізушінің ұсталғанын ресми түрде растады. Құқықбұзушының кінәсі іс материалдарымен, оның ішінде медициналық куәландыру қорытындысымен дәлелденді. Сот отырысында Елеусінов өз кінәсін толық мойындады.

АСТАНА ҚАЛАЛЫҚ ӘКІМШІЛІК ҚҰҚЫҚБҰЗУШЫЛЫҚТАР ЖӨНІНДЕГІ МАМАНДАНДЫРЫЛҒАН АУДАНАРАЛЫҚ СОТЫ:

Сот ӘҚБтК-нің 50-бабының 2-бөлігінде көзделген әкімшілік қамақты қолдануға кедергі келтіретін мән-жайларды анықтаған жоқ. ӘҚБтК-нің 608-бабы 3-бөлігінің санкциясы баламасыз болғандықтан, сот Елеусіновке 20 тәулік мерзімге әкімшілік қамаққа алу және 7 жыл мерзімге көлік құралдарын басқару құқығынан айыру түріндегі әкімшілік жаза тағайындады. Қаулы заңды күшіне енген жоқ.