Түн тыныштығын бұзатындар жауапқа тартылады.Ескертуге көнбегендер 22 мың теңге айыппұл төлейді. Қайталанса, ол екі еселенеді. Жыл басынан бері «102» арнасына 25 мыңнан астам шағым түскен. Әсіресе, қазір көпқабатты үйлердің ауласында туған күн тойлап, от-шашу ататындар көп. Оларға жаза қандай? Тілшіміз Айғаным Тұрысбек айтады.
АЙҒАНЫМ ТҰРЫСБЕК, ТІЛШІ:
Кешкілік осындай тұрғын үйлерде тыныштық жоқ. Сағат тілі 12-ні соққанда, көпқабатты үйлердің ауласында отшашу атып, әуен шырқап, туған күн тойлайтындар көбейген. Енді түн ортасында осылай «тосынсый» жасап, өзгелердің мазасын алатындар заң алдында жауап береді. Тәртіп сақшылары тексерісті күшейтті.
Тұрғындардың айтуынша, мәселе құттықтаудың өзінде емес. Түн ортасында атылған салют, қатты музыка мен айғай-шу балалардың, қарттардың және ертеңгі күні жұмысқа баратын адамдардың тыныштығын бұзады.
БЛИЦ:
- Тура 12 болғанда мына дворда есіктің алдында жүректі қойып туған күнмен құттықтап жататындар болды.Біз дереу полиция шақырып, жазалап үлгердік.
- Жас қыздар түнгі уақытта от шашу атқаны бар. Ол әрине бізге жайсыздық сыйлады.
- Былай үйдің алдына тортпен келу деген жақсы. Бірақ салют ату мәдениетсіздік.
Жыл басынан бері салют пен өзге де пиротехникалық бұйымдарды қолдануға қатысты 110-нан астам, мотоциклдердің шуына байланысты 100-ге жуық, ал автокөліктерден шыққан қатты дыбыс бойынша шамамен 300 хабарлама тіркелген. Жалпы тыныштықты бұзу туралы шағымдардың 83 пайызы кешкі сағат 22:00 мен түнгі 02:00 аралығында түседі.
ЭЛЬМИРА ШӘУЛЕНОВА, ҚАЛАЛЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІ АҚПАРАТТЫҚ САЯСАТ БӨЛІМІНІҢ БАСТЫҒЫ:
Тұрғын үй аумақтарында және қоғамдық орындарда салют, пиротехникалық бұйымдар сигналдық дыбыс және өзге шу шығаратын дыбыс құралдарды пайдалану азаматтардың тыныштығын бұзып, негізсіз алаңдатушылық туғызады. Тыныштықты бұзу және заңнама талаптарын сақтау заңда көрсетілген жауаптылыққа әкеп соғатынын ескертеміз.
Заңға сәйкес жұмыс күндері кешкі сағат 22:00-ден кейін, ал демалыс және мереке күндері 23:00-ден кейін тұрғындардың тыныштығын бұзуға болмайды. Талапқа бағынбағандарға 22 мың теңгеден астам айыппұл салынады. Ал құқық бұзушылық бір жыл ішінде қайталанса, айыппұл мөлшері екі есе артады. Сондықтан, жақыныңызға «тосынсый» жасамас бұрын, оның арты қомақты айыппұлға әкелетінін қаперде ұстаған жөн.