BAIQYMYZ фестивалі: Астанада ұлттық ат спорты мен заманауи формат тоғысқан ерекше шоу өтеді

Фото: Астана әкімдігі

Астанада BAIQYMYZ халықаралық фестивалі аясында теңдессіз ат спорты шоуы өтеді.

Ат спорты бағдарламасы Астана қаласындағы «Арғымақ» ат спорты кешенінде ASIA KOKPAR LEAGUE мен ER QANATY бірлесіп ұйымдастыруымен өтеді. Көрермендерді тартысты жарыстар, ерекше көрсетілімдер және ұлттық ат спорты мәдениетін танытатын мазмұнды бағдарлама күтеді.

Бағдарламада:
• ER QANATY жылқылар шеруі;
• ASIA KOKPAR LEAGUE ұйымдастыратын көкпар сайысы;
• шөген ойыны;
• ат үстіндегі квиддич;
• аударыспақ;
• жекпе-жек аттарының көрсетілімі;
• шабандоздардың өнер көрсетуі.

Биылғы бағдарламада креативті индустрияларды дамытуға ерекше назар аударылған. Фестиваль аясында алғаш рет шөген ойыны мен ат үстіндегі квиддич бірыңғай тұжырымдама аясында ұсынылады. Дәстүрлі ат спорты мәдениеті мен заманауи көрермендік форматтардың үйлесуі жастардың қызығушылығын арттырып, ұлттық спорттың танымалдылығын кеңейтуге және ұлттық құндылықтарды жаңа форматта дәріптеуге мүмкіндік береді.

Ат спорты бағдарламасы фестивальдің басты тарту нүктелерінің біріне айналып, ұлттық мұра, спорт, мәдениет және отбасылық демалысты бір алаңда тоғыстырады. Келушілер қазақтың бірегей ат спорты түрлерімен танысып, ұлттық мәдениеттің терең тамырын сезініп, дәстүр мен жаңашылдық үйлескен ерекше шараның куәсі болады.

Айта кетейік, фестивальге қатысу үшін билет алу қажет. Келушілерге бір күнге немесе фестивальдің екі күніне бірден жарамды билеттер ұсынылады. Зейнеткерлер мен 16 жасқа дейінгі балалар үшін кіру тегін.