Елімізде қауіпті ауру тарататын Безгек масалары кездеседі. Тіпті соңғы уақытта жаһандық жылыну мен көші-қон үрдісіне байланысты ел аумағында бұрын-соңды кездеспеген, Денге қызбасы мен Зика вирусын тарататын масаның жаңа түрлері пайда болуы мүмкін деген қауіп те мамандардың жіті назарында. Бұл аурулар біздің елге дейін келуі мүмкін бе? Әріптесім тақырыпты тарқатады.
Мамандар елімізде безгек пен Батыс Ніл қызбасын тасымалдаушы масалардың бар екенін жасырмайды. Соңғы үш жылда, яғни екі мың жиырма үшінші және жиырма бесінші жылдар аралығында өзге елдерден жұқпалы дерт арқалап келген он безгек және үш жүз он төрт тері лейшманиозы жағдайы тіркелген. Ал екі мың жиырма алтыншы жылдың алғашқы бес айында тағы екі дерек анықталды. Тек Астананың өзінде былтыр екі, биыл бір адам безгекпен ауырған. Мамандар бұл науқастардың үшеуі де қауіпті инфекцияны Африкадан жұқтырып келгенін айтады.
Инфекция бар маса шетелден киіммен немесе жеміс-жидекпен бірге ілесіп келуі мүмкін. Алайда, бұл жәндіктер бізде ұшып жүрсе де, ел аумағында ауру таратпайды. Себебін мамандар былай түсіндіреді.
АЙБАРША ДҮЙСЕНБАЙҚЫЗЫ, ҚАЛАЛЫҚ ИНФЕКЦИЯЛЫҚ ЖӘНЕ ПАРАЗИТТІК АУРУЛАРДЫ ЭПИДЕМИОЛОГИЯЛЫҚ БАҚЫЛАУ БӨЛІМІНІҢ БАС МАМАНЫ:
Безгек масасының біздегі ерекшелігі, бізде безгек ауруын тарататын көзі жоқ. Маса бар, бірақ ауру жоқ бізде. Сондықтан біз индемикалық аймаққа жатпаймыз, Астана қаласы. Басқа аурулар бойынша да, кулекс және аитес сынды тарататын ауру түрлері бар ғой, Қазақстанның барлық аймағында бар. Бірақ та ауру көздері жоқ.
Бізде инфекция ошағы жоқ болғанымен, шетелге шығатын азаматтар үшін сақтық маңызды. Кәдімгі масаның ізі 3 күнде кетсе, қауіпті жәндік шаққандағы белгілер мүлдем бөлек болады.
ГҮЛДӘУРЕН АЯНАСОВА, ДӘРІГЕР-ЭНДОКРИНОЛОГ:
7-30 күн ішінде дене қызбасы көтерілуі. Денедегі бөртпелер, құсыну, айну, бұлшық еттің ауруы, сондай белгілер болуы мүмкін.
Ал елордалықтар масадан еш үрейленіп отырған жоқ. Тіпті биыл олардың қарасы аз екенін айтады.
БЛИЦ:
- Көктал районында тұрам, әзірге маса көрмедім, тіпті байқамадым.
- Бізде жоқ, ха-ха, бізде жоқ.
Шағымның азайғанын ресми статистика да растайды. Былтырмен салыстырғанда «iKomek» қызметіне хабарласатындар 73 пайыз кеміп, жыл басынан бері 300-ге жуық өтініш түскен. Бұған түнделетіп жұмыс істейтін 150 маманның еңбегі сеп. Олар кешкі 9-дан таңғы 4-ке дейін қала аумағына химиялық және бактериялық препараттар себеді. Егер улы жәндіктер анықталса, дәрінің күші де артпақ.
ТҰРАПБАЕВ АЗАТ, ҚАЛАЛЫҚ ҚОРШАҒАН ОРТАНЫ ҚОРҒАУ ЖӘНЕ ТАБИҒАТТЫ ПАЙДАЛАНУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ:
Біздің ғылыми топқа эпидемиологиялық қызметкерлер де бірге шығады. Олардың жалпы жұмысы, қауіпті масалар бар ма, жоқ па? дернәсілдер бар ма, соны анықтау. Ал біздің neгізгі жұмыс оларды дернәсіл кезінде жою. Бірақ бәріміз білетіндей, маса ол экосистеманың бір бөлігі. Біздің мақсатымыз оны толық жойып жіберу емес, 90 пайызға жою.
Елімізде қауіпті маса түрлері болғанымен, олардың ішінде дерт қоздырғышы жоқ. Сондықтан дүрбелеңге негіз жоқ. Тек шетелге шыққанда жеке сақтықты ұмытпаған жөн.