Түркістан облысында қайтарылған активтер қоғам игілігі үшін пайдаланылуда. Соңғы екі жылда аймақта Арнайы қор есебінен 30 нысанның құрылысына 26,4 млрд. теңге бөлінген. Соның 27-і аяқталды, қалғанында құрылыс жұмыстары жүргізілуде.
Ордабасы ауданы Темірлан ауылындағы «Өнер мектебі» қайтарылған авктивтер есебінен салынған алғашқы әлеуметтік жобаның бірі. Жобалық құны 890 млн. теңге тұратын музыкалық өнер мектебі 300 оқушыға арналған. Нысан небәрі 8 айда салынды.
АЗАТ ОРАЛБАЕВ, ОРДАБАСЫ АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ:
Жалпы мемлекетке қайтарылған қаражаттың есебінен Бас прокуратураның қолдауымен былтыр 2025 жылы сәуір айында құрылыс жұмыстары басталды. Желтоқсан айында жалпы халықтың қатысуымен осының ашылу салтанатын жасадық.
Жаңа музыкалық мектепте балаларға 12 өнер түрінен білім берілуде. Мұнда домбыра, қобыз, фортепиано және басқа да музыкалық аспаптарды үйретуге арналған заманауи, арнайы жабдықталған кабинеттер қарастырылған. Биылғы оқу жылында мұнда 400-ге жуық бала білім алды. Бұған дейін аталған елді-мекенде музыкалық мектеп 1974 жылы салынған ескі ғимаратта жұмыс істеп келген еді.
АЙЗЕРЕ АЛМАСХАН, ӨНЕР МЕКТЕБІНІҢ ОҚУШЫСЫ:
Баяғы мектепте өте тар, сахнасы да өте кішкентай болған және аппаратура ескілеу болған.-ал қазір?-Ал қазір жаңа. Жаңа мектепке көшіп, бізде көп мүмкіндіктер ашыла бастады.
ҚАЛИЯ МАЛШЫБАЙҚЫЗЫ, ОРДАБАСЫ АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Жаңаның аты жаңа болса да. Өте керемет, әдемі кең. АКТ залы қандай әдемі. Сынып бөлмелерінің өзі де жап-жаңа, әдемі, әсем. Қуаныштымыз, ата-аналар негізі өте қуанышты.
Қысқа мерзім ішінде музыкалық мектептің жас таланттары халықаралық, республикалық, облыстық байқауларға қатысып, үлкен нәтижелерге қол жеткізуде. Осылайша қайтарылған активтер есебінен қаржыландырылған жобалар өңірдің әлеуметтік инфрақұрылымын дамытуға және халықтың өмір сапасын жақсартуға елеулі үлес қосуда.
ЕРДОС ӘРІПБАЙ, ОРДАБАСЫ АУДАНДЫҚ ПРОКУРАТУРАСЫНЫҢ ПРОКУРОРЫ:
30 нысанға 26,4 млрд теңге бөлінген соңғы екі жылда. Оның 27-сінің құрылыс жұмыстары аяқталып, толықтай қабылдауға берілген. Үш нысанның құрылысы қазіргі таңда жалғасуда. Енді оны аяқтап, алдағы уақытта пайдалануға беріледі. Және бұл жұмыстар алдағы уақытта жалғасын табады.
Айта кетейік, Ордабасы ауданы аумағында қайтарылған активтер есебінен үш елдімекенге ауыз су жүйесі салынды. Олар былтыр ел игілігіне берілген.