Жетісу облысында қылмыс азайып, қауіпсіздік көрсеткіші жақсарды

Polisia.kz

Жетісу облысында полицияның жартыжылдық жұмыс қорытындысы шығарылды.

Жетісу облысы полиция департаментінде департамент бастығы Сарқытбай Құсайыновтың төрағалығымен 2026 жылдың алғашқы жартыжылдығындағы жедел-қызметтік қызметтің қорытындысы шығарылды. Алты ай ішінде өңірде 1 415 қылмыстық құқық бұзушылық тіркелсе, өткен жылдың осы кезеңінде бұл көрсеткіш 1 478 болған. Ауыр қылмыстардың, адам өлтіру, алаяқтық, мал ұрлығы, қоғамдық орындарда және отбасылық-тұрмыстық салада жасалған құқық бұзушылықтардың саны азайды. Сонымен қатар негізгі бағыттар бойынша қылмыстарды ашу көрсеткіштері жақсарды. Кеңес барысында аумақтық бөлімшелердің жұмысына объективті баға беріліп, жедел-қызметтік қызмет нәтижелері қаралды және алдағы кезеңге арналған басым бағыттар айқындалды. Құқық бұзушылықтардың алдын алу, интернет-алаяқтыққа қарсы іс-қимылды күшейту, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, сондай-ақ ауыр зардаптарға әкеп соғатын жол-көлік оқиғаларының профилактикасы мәселелеріне ерекше назар аударылды. Бөлім басшыларына ауыр жол-көлік оқиғаларының негізгі себептерінің бірі саналатын жол ережесін өрескел бұзу деректерін анықтау жұмыстарын күшейту тапсырылды.

– Әрбір алды алынған қылмыстың, әрбір ашылған істің және әрбір сақталған өмірдің артында полиция қызметкерлерінің күнделікті еңбегі тұр. Біздің басты мақсатымыз өзгермейді — Жетісу облысын әрбір тұрғын үшін одан әрі қауіпсіз өңірге айналдыру, – деп атап өтті ПД бастығы.

Жедел кеңестің қорытындысында жеке құрамға ішкі істер министрлігінің алқа отырысында берілген тапсырмалар жеткізіліп, заңды қамтамасыз ету, "Заң мен тәртіп" және "Таза Қазақстан" қағидаттарын іске асыру, сондай-ақ азаматтардың конституциялық құқықтарының бұзылуына жол бермеу жөніндегі талаптар түсіндірілді.