Қарулы күштердің Санитарлық-эпидемиологиялық орталығы: қалыптасу мен дамудың 60 жылы

Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің Санитарлық-эпидемиологиялық орталығы – заманауи зертханалық жабдықтармен және арнайы техникамен жарақтандырылған мамандандырылған бөлімше. Сала мамандары әскерлердің күнделікті қызметін, оқу-жаттығуларды және халықаралық іс-шараларды санитарлық-эпидемиологиялық сүйемелдеуді қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, олар профилактикалық, санитарлық-гигиеналық және эпидемияға қарсы іс-шараларды жүзеге асырады.

Мекеменің құрылу тарихы 1966 жылдың шілде айынан бастау алады. КСРО Құрлық әскерлері Бас штабының директивасына сәйкес санитарлық-эпидемиологиялық жасақ құрылды. Бөлімшенің алғашқы бастығы болып медицина қызметінің подполковнигі Анатолий Николаевич Еремьянц тағайындалды.

Жасақтың негізгі міндеті Қазақ, Қырғыз, Тәжік және Түрікмен КСР-лерінің аумағында орналасқан әскери бөлімдердің санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығын қамтамасыз ету болды. Мамандар жеке құрамды вакцинациялауды жүргізіп, эпидемияға қарсы іс-шараларды ұйымдастырды, сондай-ақ ауыз су мен азық-түлік сапасына да бақылау жасады.

1967 жылы бөлімше Алматы қаласына, округтік әскери госпиталь базасына көшірілді. Ал 1992 жылғы қарашада санитарлық-эпидемиологиялық жасақ Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің Санитарлық-эпидемиологиялық орталығы болып қайта құрылды.

Бірыңғай санитарлық-эпидемиологиялық бақылау жүйесін қалыптастыру мақсатында 2014 жылы «Астана», «Батыс» және «Оңтүстік» филиалдары құрылды. Ал 2020 жылы «Шығыс» филиалы ашылды. Бүгінде бұл филиалдар еліміздің бүкіл аумағында Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің қызметіне санитарлық-эпидемиологиялық сүйемелдеуді қамтамасыз етіп келеді.

Орталық мамандары COVID-19 пандемиясы кезеңінде де елеулі үлес қосты. Олар жедел штабтардың жұмысына қатысып, әскери нысандарда дезинфекциялық жұмыстар жүргізді, әскери бөлімдерде санитарлық-эпидемияға қарсы және карантиндік іс-шараларды ұйымдастырды. Сонымен қатар, Қазақстан азаматтарын эвакуациялау үшін әуе кемелері экипаждарын даярлауды қамтамасыз етіп, жеке құрамды вакцинациялау жұмыстарын сүйемелдеді және мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл жасады.

Осы кезеңде Қорғаныс министрлігі басшылығының шешімімен орталық базасында Алматы және Астана қалаларында полимеразалық тізбекті реакция бойынша екі зертхана құрылды. Бұл әскери санитарлық-эпидемиологиялық қызметтің диагностикалық мүмкіндіктерін едәуір кеңейтті.

Алпыс жыл ішінде орталық шағын санитарлық-эпидемиологиялық жасақтан Қазақстан Республикасы Қарулы күштері жеке құрамының санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығын қамтамасыз ететін заманауи жүйеге дейінгі даму жолынан өтті.