Полицияның жедел әрекеті: ШҚО-да жоғалған сәби ата-анасына табысталды

Polisia.kz

Шығыс Қазақстан облысында өтіп жатқан "Altai Fest" фестивалі кезінде полиция қызметкерлері қоғамдық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында күшейтілген режимде қызмет атқаруда.

Мыңдаған қонақ жиналған ауқымды іс-шарада қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етумен қатар, полиция жұмысы туралы жедел әрі нақты ақпарат таратуға жауапты баспасөз қызметінің мамандары да өз міндеттерін абыроймен орындап келеді. Дегенмен, полицей үшін қызметтік міндет тек өз саласымен шектелмейді. Қандай лауазымда болса да, ол ең алдымен азаматтардың қауіпсіздігіне жауапты. Соның бір дәлелі – ШҚО полиция департаменті ақпараттық саясат бөлімінің бастығы Қарлығаш Жүсіпова фестиваль барысында көпшілік арасынан жалғыз қалған екі жасар бүлдіршінді байқап қалған. Қорқып, абдырап тұрған сәбиді сабырға шақырған ол бірден ата-анасын іздестіруді ұйымдастырып, көп ұзамай бүлдіршін туған-туыстарына аман-есен табысталды. Осыған байланысты полиция қызметкерлері ата-аналарға балаларды көпшілік жиналған орындарда қараусыз қалдырмауға шақырады. Адам көп ортада баланың көзден таса болуы әп-сәтте орын алуы мүмкін. Ал адасып қалған баланы көрген жағдайда немесе өз балаңызды таба алмай жатсаңыз, жақын маңдағы полиция қызметкеріне дереу хабарласу қажет. Мұндай жағдайда тәртіп сақшылары жедел көмек көрсетеді.