Алматы қаласында есірткіге қарсы профилактикалық бағыттағы жаңа мурал пайдалануға берілді. Ауқымды арт-нысан Мақатаев пен Панфилов көшелерінің қиылысында орналасқан.
Бұл – жай ғана көше суреті емес. Ол әр адамға өмірлік таңдаудың маңызын еске салатын мазмұнды үндеу. Яғни, спортпен айналысып, білім алып, шығармашылықпен шұғылданып, арманыңа ұмтылатын еркін өмірді таңдау немесе болашақты тұмшалайтын есірткіге тәуелділікке жол беру – әркімнің өз қолында. Муралдың көркемдік композициясы салауатты өмір салты мен жарқын болашақтың құндылықтарын дәріптей отырып, есірткінің адам өмірі мен тағдырына тигізетін ауыр зардаптарын айқын бейнелейді. Мұндай әлеуметтік арт-жобалар жастар арасында есірткіге қарсы берік көзқарас қалыптастыруға, сондай-ақ салауатты өмір салтын кеңінен насихаттауға бағытталған полицияның жүйелі профилактикалық жұмысының маңызды бөлігі саналады. Өмірді таңда. Еркіндікті таңда. Есірткісіз болашақты таңда.