Семейде жиһаз жасауға қатысты алаяқтықтың жаңа эпизодтары анықталды

Polisia.kz

Абай облысының полиция қызметкерлері жұмсақ жиһаз дайындауға байланысты жасалған алаяқтықтың жаңа эпизодтарын анықтады.

Алдын ала мәлімет бойынша, күдікті Семей қаласының тұрғындарынан жұмсақ жиһаз жасап беремін деген желеумен алдын ала ақша алып, өзіне алған міндеттемелерін орындамаған. Қазіргі уақытта полицияға осы факті бойынша екі қала тұрғыны жүгінді. Оларға келтірілген жалпы материалдық шығын 1,2 млн теңгеден асты. Күдіктінің жеке басы анықталды. Қазір аталған факті бойынша және осыған ұқсас бірнеше эпизодқа қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр. Абай облысы полиция департаменті азаматтарға қызмет ақысын төлемес бұрын орындаушы туралы мәліметті мұқият тексеруге, міндетті түрде жазбаша келісімшарт жасауға, сондай-ақ төлемді растайтын чектерді, түбіртектерді және хат алмасу жазбаларын сақтауға кеңес береді. Егер сіз де осындай алаяқтықтың құрбаны болсаңыз, дереу полицияға хабарласыңыз.