Әуе компаниясы өңірдегі қауіпсіздік ахуалының күрделенуіне байланысты бірнеше рейстің орындалмайтынын хабарлады
Air Astana Таяу Шығыстағы жағдайдың шиеленісуіне байланысты Дубай бағыты бойынша рейстер кестесіне өзгеріс енгізді.
12 шілде күні сағат 07:10-да Астанадан Дубайға ұшып шыққан KC205 рейсі кері бұрылып, ұшып шыққан әуежайға қайтып келеді. Ал сол күні сағат 08:50-ге жоспарланған Алматы – Дубай бағытындағы KC897 рейсі тоқтатылды.
Жолаушыларға билетті сатып алған жері арқылы оның толық құны қайтарылады. Рейстер кестесіне енгізілетін кейінгі өзгерістер туралы қосымша хабарлаймыз, – делінген әуе компаниясының хабарламасында.
Air Astana өкілдері өңірдегі жағдайды тұрақты бақылап отырғанын және жолаушыларды елге қайтару мәселесін қарастырып жатқанын мәлімдеді.
Сондай-ақ жолаушыларға рейстердің мәртебесін алдын ала тексеріп отыру ұсынылды. Себебі ұшу және қону уақыттарына қосымша өзгерістер енгізілуі мүмкін.