Елордадағы халықаралық гастрофестивальдің алғашқы күні ұлттық тағамдар, этноспорт және концерттік бағдарламалар мыңдаған қонақтың басын қосты
Астанадағы «Қазанат» ипподромында өтіп жатқан BaiQymyz-2026 халықаралық гастрофестивалінің алғашқы күніне шамамен 40 мың адам келді.
Күні бойы келушілер қазақ халқының салт-дәстүрімен танысып, Қазақстанның әр өңірінен, сондай-ақ Қырғызстан мен Ресейдің Саха (Якутия) Республикасынан келген 60-тан астам өндіруші ұсынған қымыздың түр-түрінен дәм татты. Сонымен қатар ұлттық тағамдарды әзірлеу бойынша шеберлік сабақтарына қатысып, қолөнер шеберлерінің көрмесін тамашалады.
Фестивальге арнайы әкелінген 1 тонна шұбат пен 200 литр қымыз келушілерге ұлттық сусындардың алуан түрін татып көруге мүмкіндік берді.
Қонақтардың ерекше қызығушылығын халықаралық қымыз байқауы, көкпар, бәйге, аударыспақ, қыз қуу, дәстүрлі садақ ату жарыстары, сондай-ақ жылқылар шеруі мен шабандоздардың көрсетілімдері тудырды.
Бас сахнада қазақстандық танымал әншілер мен шығармашылық ұжымдар өнер көрсетті. Фестивальге елордалықтармен қатар еліміздің өзге өңірлерінен келген қонақтар және шетелдік туристер де қатысып, қазақ халқының мәдениетімен жақынырақ танысып, ұлттық қонақжайлықтың ерекше атмосферасын сезінді.
BaiQymyz-2026 фестивалі 12 шілдеде де жалғасады. Қонақтарға ұлттық тағамдар мен сусындардың дегустациясы, көрмелер, мәдени және спорттық іс-шаралар, ат спорты көрсетілімдері, отбасылық демалыс аймақтары және танымал қазақстандық өнерпаздардың концерттері ұсынылады.