ХҚКО мен «Азаматтарға арналған үкімет» қызметкерлері сотталды

Фото: istockphoto.com

Сот оларды сыбайлас жемқорлық қылмыстары бойынша кінәлі деп танып, бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады

Астанада автокөлік алаяқтығымен айналысқан ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелеріне сот үкімі шықты. Олардың қатарында топ жетекшісі, екі банк қызметкері, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының үш қызметкері және Халыққа қызмет көрсету орталығының (ХҚКО) қызметкерлері бар.

Қылмыстық топ заңсыз жолмен 96 автокөлікті иемденген. Сонымен қатар олар іс жүзінде болмаған 47 «виртуалды» автокөлікке несие рәсімдеген. Келтірілген жалпы шығын көлемі шамамен 2 млрд теңгені құрады.

Сот алдында барлығы 13 адам жауапқа тартылды. Олардың арасында қылмыстық топтың ұйымдастырушысы, екі банк қызметкері, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының үш қызметкері, сондай-ақ автокөліктерді тасымалдаумен және қайта сатумен айналысқан адамдар болды.

Тергеу мәліметінше, алаяқтар екі түрлі схема қолданған. Бірінші жағдайда азаматтарға автокөлікті несиеге рәсімдеп, кейін оны жалға беріп табыс табуға болады деп сендірген. Көлік сатып алынғаннан кейін қаскөйлер оны иемденіп, қысқа уақыт ішінде сатып жіберген.

Екінші схемаға ХҚКО қызметкерлері тартылған. Олар жалған құжаттар рәсімдеп, қағаз жүзінде ғана бар «виртуалды» автокөліктерге несие алуға мүмкіндік жасаған.

Сот үкімімен ұйымдасқан қылмыстық топтың жетекшісі 10 жылға бас бостандығынан айырылды. Оның сыбайластары 6 жылдан 8 жылға дейінгі мерзімге сотталды. Ал ХҚКО қызметкерлері 3 жылға бас бостандығынан айырылды.