Қазақстанда қан донорларын марапаттауға арналған "Құрметті донор" ведомстволық төсбелгісі алғаш рет ресми түрде бекітілді. Алғашқы болып бұл марапатқа бекітілген талаптарға толық сәйкес келетін 481 тұрақты донор ие болады.
Үкіметтің тиісті қаулысына сәйкес, "Құрметті донор" ведомстволық төсбелгісі Қазақстан азаматтарына, сондай-ақ шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдарға қан мен оның компоненттерін өтеусіз тапсырғаны үшін беріледі.
Марапатқа үміткерлер мына талаптардың біріне сай болуы тиіс:
- қанды және (немесе) тромбоциттерді кемінде 40 рет тапсыру;
- қан плазмасын кемінде 70 рет тапсыру.
Министрліктің мәліметінше, төсбелгіні Қазақстан теңге сарайы дайындайды. Оның әрбір элементі терең мағынаға ие және Республикалық геральдика комиссиясының келісімімен бекітілген.
Бекітілген дизайнға сәйкес, төсбелгінің негізгі белгісі – қошқыл қызыл эмальмен көмкерілген қан тамшысы. Оның ішінде ақ түсті эмальмен бейнеленген жүрек соғысының ырғағы орналасқан. Композиция күңгірт өңделген дөңгелек жиекпен қоршалған.
Денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, Қазақстанда жыл сайын 180 мыңнан астам адам донор атанып, 255 мыңнан астам қан және оның компоненттерін тапсыру рәсімі өткізіледі.
Сондай-ақ "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" кодекске сәйкес, медициналық тексеруден өтетін және қан мен оның компоненттерін тапсыратын донорлар жұмыс беруші тарапынан орташа жалақысы сақтала отырып, жұмыстан босатылады.