AI-Sana жобалары «Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі» халықаралық фестивалінде таныстырылды

фото: gov.kz

Шығыс Қазақстан облысында өткен «Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі» халықаралық этнофестивалі аясында ғылым, цифрлық технологиялар және жасанды интеллект саласындағы заманауи әзірлемелер көпшілік назарына ұсынылды.

Фестиваль шеңберінде цифрландыру мен жасанды интеллектіге арналған арнайы тақырыптық киіз үйде Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінің студенттері мен AI-Sana бағдарламасы аясында әзірленген инновациялық жобаларын таныстырды.

Экспозицияда жасанды интеллект пен цифрлық технологиялардың тарихи-мәдени мұраны сақтау, туризмді дамыту және қоғамның өзекті қажеттіліктеріне арналған инновациялық шешімдерді әзірлеу бағытындағы мүмкіндіктері көрсетілді.

Көрермендердің ерекше қызығушылығын тудырған жобалардың бірі – Ақбауыр гротына арналған VR-тур. Виртуалды шынайылық технологиясы негізінде әзірленген интерактивті платформа Шығыс Қазақстандағы ежелгі Ақбауыр ғибадатханасының жартастағы суреттерін цифрлық форматта тамашалауға мүмкіндік береді. Жоба шалғайда орналасқан тарихи-мәдени ескерткішті мектеп оқушыларына, студенттерге, туристерге және шетелдік зерттеушілерге қашықтан қолжетімді етіп, Қазақстанның мәдени мұрасын халықаралық деңгейде насихаттауға ықпал етеді.

Фестивальде студенттер мен магистранттар әзірлеген AI-Sana роботы да таныстырылды. Интеллектуалды көмекші университеттің білім беру бағдарламалары, ғылыми жобалары және студенттік өмірі туралы ақпарат ұсынып, жасанды интеллект технологияларын білім беру үдерісінде қолданудың практикалық мүмкіндіктерін көрсетті.

Сонымен қатар келушілерге көшпелі өркениет пен Ұлы дала тарихына арналған студенттік стартап-командалар әзірлеген интерактивті цифрлық ойындар ұсынылды. Бұл әзірлемелер ұлттық тарихи-мәдени мұраны цифрлық форматта дәріптеудің жаңа тәсілдерін паш етті.

ШҚТУ студенттерінің жобалары фестиваль қонақтарының, оның ішінде шетелдік туристердің, ғылыми қауымдастық өкілдерінің және түрлі елдерден келген жастардың үлкен қызығушылығын тудырды. Келушілер инновациялық әзірлемелермен танысып қана қоймай, оларды іс жүзінде сынап көріп, жас зерттеушілердің жұмысына жоғары баға берді.

Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінің халықаралық фестивальге қатысуы Ғылым және жоғары білім министрлігі жүзеге асырып отырған AI-Sana бағдарламасының нақты нәтижелерін көрсетті. Қазіргі уақытта бағдарламаның екінші кезеңі іске асырылып жатыр. Оның негізгі мақсаты – студенттердің жасанды интеллект, цифрлық технологиялар және технологиялық кәсіпкерлік салаларындағы құзыреттерін дамыту, сондай-ақ инновациялық стартаптар мен жаңа технологиялық шешімдердің қалыптасуына қолдау көрсету.

Фестивальде ұсынылған жобалар жоғары оқу орындарының бүгінгі таңда білікті мамандар даярлаумен қатар ғылыми зерттеулерді, инновациялар мен цифрлық технологияларды дамыту арқылы еліміздің тарихи-мәдени мұрасын сақтауға, туристік әлеуетін арттыруға және Қазақстанның цифрлық трансформациясына үлес қосып отырған ғылыми-инновациялық орталықтарға айналғанын тағы бір мәрте айғақтады.