Астанада Есіл өзенінің жағалауында «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасы аясында есірткі қылмысының алдын алуға және салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталған «Ашық микрофон» форматындағы азаматтық акция өтті.
Іс-шараны Астана қаласының Полиция департаменті мен елорда әкімдігі «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасы және есірткі қылмысына қарсы бағытталған ауқымды профилактикалық шаралар кешені аясында ұйымдастырды.
«Ашық микрофон» форматы елордада өз тиімділігін бірнеше рет дәлелдеген. Акция барысында кез келген тұрғын құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне, мемлекеттік орган өкілдері мен қоғам белсенділеріне тікелей сұрақ қоюға мүмкіндік алды.
Кездесуде жастардың есірткінің заңсыз айналымына тартылуының алдын алу, тәуелділіктің профилактикасы және өскелең ұрпақтың бойында есірткіге қарсы берік көзқарас қалыптастыру мәселелері талқыланды. Ұйымдастырушылар қала қауіпсіздігі әрбір азаматтың қырағылығынан басталатынын ерекше атап өтті. Акция барысында еріктілер мен жауапты мекеме қызметкерлері тұрғындарға пайдалы байланыс нөмірлері мен құқықтық түсіндірмелері қамтылған ақпараттық жадынамалар таратты.
Тұрғындардың ерекше қызығушылығын полицияның қызметтік-іздестіру иттері қатысқан көрсетілімдер тудырды. Полиция департаментінің кинологиялық қызметінің мамандары қызметтік иттердің жоғары дайындық деңгейін көрсетті.
«Мұндай іс-шаралар полиция мен қоғам арасындағы кедергіні жояды. Кинологтардың нақты жұмысын көріп, тәртіп сақшысына тікелей сұрақ қойып, шынайы жауап алу сенім қалыптастырады. Ал сенім – профилактиканың ең маңызды құралы», – деді акцияға қатысушылардың бірі.
Көрермендердің көз алдында қызметтік иттер заттардың арасына жасырылған тыйым салынған заттардың макеттерін дәл тауып, шартты құқық бұзушыны ұстау сияқты патрульдік-постық қызметтің элементтерін көрсетті.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай кездесулердің басты мақсаты – мәселені жай ғана көтеру емес, қоғамдағы тәртіп пен жауапкершілікті нығайту, бірлік рухын қалыптастыру және жастарды заңға бағынуға ынталандыру.
Есіл жағалауындағы ашық пікір алмасу билік, құқық қорғау органдары және тұрғындар арасындағы сенімді диалог әлеуметтік қатерлердің алдын алудың ең тиімді жолдарының бірі екенін тағы бір мәрте көрсетті.