Ішкі істер министрлігі ұйымдардың қаржы қызметкерлеріне бағытталған алаяқтықтың жаңа тәсілі пайда болғанын ескертті.
Министрліктің мәліметінше, алаяқтар Telegram мессенджері арқылы хабарласып, өздерін мемлекеттік органдардың, компаниялар мен ұйымдардың басшылары ретінде таныстырады. Бұл үшін олар шынайы басшылардың фотосуреттері мен жеке деректерін пайдаланады.
Қаскөйлер директордың немесе басқа да лауазымды тұлғаның атынан қызметкерлерге шұғыл түрде белгілі бір есепшотқа ақша аударуды, қызмет ақысын төлеуді, тауар үшін қаражат жіберуді немесе өзге де қаржылық операцияларды орындауды талап ететін хабарламалар жібереді.
Мұндай хабарламалар көбіне бухгалтерлерге, қаржы қызметкерлеріне және ұйым қаражатына қол жеткізе алатын басқа да тұлғаларға жолданады.
Егер осындай хабарлама алсаңыз, ақша аудармаңыз және ешқандай қаржылық операция жасамаңыз. Міндетті түрде басшымен телефон арқылы немесе жеке байланысыңыз. Телефон нөмірін, жіберушінің аккаунтын және хабарлама мазмұнын мұқият тексеріңіз. Күмән туындаған жағдайда хат алмасуды тоқтатып, болған жағдай туралы басшылыққа және жауапты қызметкерлерге хабарлаңыз, – деп ескертті ІІМ.
Ведомство азаматтарды сақ болуға шақырып, қырағылық таныту қаржыны сақтап қалуға және алаяқтықтың алдын алуға көмектесетінін атап өтті.