25 млн теңге: Жетісу облысында анасы мен қызы ірі көлемде ақша бопсалады деген күдікпен ұсталды

  • AstanaTV
  • 13 шілде 2026

Жетісу облысында 8 айлық сәбиі бар әйел қамауға алынды. Ол анасы екеуі бұрынғы жолдасынан 25 млн теңге бопсалады деп айыпталуда. Әлеуметтік желіде тараған видеода күдіктінің туыстары бұған наразылық білдірген.  Айтуларынша, нәресте қараусыз қалыпты. Баланың әкесі келіншекке  25 миллион теңге көлемінде материалдық көмек көрсетуге уәде еткен көрінеді. Соны алуға барған әйел мен оның анасын полиция ұстаған.

ЖАНАР ҚАЛЫҚОВА, ЖЕТІСУ ОБЛЫСЫ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:

Полиция аса ауыр қылмыстар санатына жататын аса ірі мөлшердегі бопсалау фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізуде. Екі күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.  Бұлтартпау шарасын санкциялау мәселесі сотта қаралатын болады. Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес, тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жария етуге жатпайды.