Алматыда электр самокаттарына қатысты жаңа ережелер енгізілді. Қала әкімдігі мен кикшеринг компаниялары бірлесіп, қозғалыс жылдамдығына шектеу қойды. Өзгерістер қандай және олардың сақталуы қалай бақыланады? Әйгерім Есенкелді айтады.
ӘЙГЕРІМ ЕСЕНКЕЛДІ, ТІЛШІ:
Иә, енді қос дөңгелекті көлікпен бұрынғыдай жүйтки жөнеле алмайсыз. Енді рұқсат етілген ең жоғары жылдамдық сағатына 15 шақырым. Ал жаяу жүргіншілер жолында одан да баяу жүруге тура келеді. Жедел жетем деген жүргізуші тағы нені ескеруі керек?
Қалада самокатпен жүру тәртібі өзгерді. Жылдамдық жаяу жүргіншілер жолында сағатына 10 шақырым, мектеп, аурухана сынды әлеуметтік нысандар маңында 6 шақырым болып шектелді. Жаңа талап әкімдік пен қаладағы барлық кикшеринг компанияларының бірлескен шешімімен енгізілген.
ҚҰМАРҒАЗИН БАУЫРЖАН, ЖОЛ ҚОЗҒАЛЫСЫН ҰЙЫМДАСТЫРУ ОРТАЛЫҒЫ БАС ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Бізде қазіргі таңда самокаттар тротуармен жүре алады. Сондықтан бізге біраз адамдар өз арыздарын жіберген, өз ұсыныстарын жіберген. Жалпы бізде тротуарда келе жатқан кезде ол қауіпсіз. Сондықтан ол бірге жасалған жұмыс сол адамның қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін.
Компания өзгеріске қатысты ресми мәлімдеме жасады.
МЕЙРАМ АБЕЛКАСОВ, JET КИКШЕРИНГ КОМПАНИЯСЫНЫҢ НЕГІЗІН ҚАЛАУШЫ:
Біз қаладағы қозғалысты реттеу бойынша қолға алынған шараларды толық қолдаймыз. Біз жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігіне басымдық береміз. Қосымшада қала картасы жаңартылып, жылдамдық режимдерін автоматты түрде ауыстыру жүйесі іске қосылды. Енді пайдаланушы белгіленген аймаққа кірген кезде самокат жылдамдығын өзі төмендетеді. Қала тұрғындары мен қонақтарына жол жүру кезінде көрсеткішке алаң болудың қажеті жоқ.
Қала полициясы кикшеринг компанияларына тексеріс жүргізді. Нәтижесінде тіркеу нөмірі мен кәмелетке толмағандардың бөгде парақша арқылы жалға алуына тосқауыл қоюда бірқатар кемшіліктер анықталғанын және бақылау алдағы уақытта да жалғасатынын мәлімдеді.
САЛТАНАТ ӘЗІРБЕК, ҚАЛАЛЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ РЕСМИ ӨКІЛІ:
Міндетті түрде қауіпсіздік инфрақұрылымы қамтамасыз етілуі тиіс. Кикшеринг компанияларының өкілдері барлық өздеріне тиесілі самокаттарға тіркеу нөмірін берулері тиіс, арнайы тұрақтарды көздеулері тиіс, сонымен қатар міндетті түрде сақтандыру полисі болуы керек. Одан кейін жасөспірімдерге сол самокаттар тізгіндеуге жол берілмеуі тиіс.
Самокат қолданушылардың бір бөлігі жылдамдықты көтеруді сұрап, петиция жариялады. Әкімдік ұсыныс қаралатынын хабарлады. Еске салайық, 25 тамызға дейін самокатпен тротуарларда жүруге шектеу жоқ, ал жаңа жылдамдық талаптары сол кезеңге дейінгі енгізілген шара ретінде қарастырылып отыр.